Павлодарда Арман Қаниді еске алуға арналған мүшәйра өтеді
Байқауда мектеп оқушылары бақ сынайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен жергілікті ақын, «Құрмет» орденінің, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Қаниді еске алуға арналған «Жас толқын» атты мүшәйра өтеді. Оған қала мектептеріндегі 8-11- сынып оқушылар қатыса алады.
– Бұл байқаудың басты мақсаты – Арман Қанидің өмірі мен шығармашылығын зерттеу және насихаттау, олардың бойындағы патриоттық сезімдерін арттыруға жол ашу. Бұл жыр додасында тек үш орын болады, яғни орындар бір-бірден ғана беріледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталады, – дейді музей қызметкері Жанболат Абайхан.
Аталмыш байқауда қазылар алқасы өлеңнің құрылысына, ойдың дербестігіне, тақырыптың маңыздылығына, ұйқасы мен мағынасына көңіл бөледі. Қатысушылардың өтінімдері 10 ақпанға дейін қабылданады.
Барлық сұрақтар бойынша ұйымдастырушымен 8 747 128-36-15 телефон нөмірі (Жанболат Абайхан) арқылы байланысуға болады.