Павлодарлық саябақта зауыт қызметкерлері ұлттық ойындарда бақ сынасты

Киіз үй тігіліп, концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Алюминий» дивизионы жыл сайын дәстүрлі түрде қызметкерлері арасында Наурыз мейрамын атап өтеді. Биыл да дәстүрлі шара өз жалғасын тапты. Қалалық Гагарин атындағы саябақта өткен мерекелік шараға зауыт қызметкерлерінен бөлек қала тұрғындары мен қонақтары да шақырылды. Cонымен қатар, облыс әкімі Асайын Байханов пен қала әкімі Хасар Хабылбеков қатысты.
«Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамдастығының әлеуметтік проектілер жөніндегі менеджері Нұрсұлтан Бейсенбаевтың айтуынша, саябаққа «Қуаныш» ауылы болып аталып, барлық аймақтарында ұлттық ойын-сауық орындары, сахна жанына киіз үй орнатылып, көрермендер назарына жергілікті өнерпаздар мен бишілердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылған.
– «Қазақстан алюминий» дивизионы және «Қазақстан электролиз зауыты» Наурыз мейрамына арналған шараны жыл сайын ұйымдастырып келеді. Оған кәсіпорынның жұмыскерлері және қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады. Мерекелік бағдарламаның мән-мазмұны өзгермеген. Әсіресе, қазақтың ұлттық ойындарына мән береміз. Оның ішінде арқан тарту, асық ату, қошқар көтеру, қазақша күрес секілді ойындар бар. Бүгін зауыттың қызметкерлері осы спорт түрлері бойынша өз бақтарын сынап көрді. Басты мақсатымыз – ұлттық спортты дәріптеу, жас буынға қазақтың дәстүрлі ойындарын кеңінен насихаттау және оларды спортқа баулу, – деді Нұрсұлтан Бейсенбаев.
Сонымен қатар, тоғызқұмалақтан шеберлік сағаттары өткізілді. Ал кішкентай келушілерге автогрим жасау ісі ұсынылды. Одан бөлек, жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама дайындалды.
– Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жиналған қауымға керемет көңіл-күй сыйлағымыз келді. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз мерекесі – күн мен түннің теңелер шағы. Наурыз - еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі, - деп атап өтті Нұрсұлтан Бейсенбаев.
Зауыт қызметкерлері мен қала қонақтарына арналған ойын-сауық бағдарламасынан бөлек, келушілерге ыстық бауырсақ пен наурыз көже таратылды. Ал балалар үшін арнайы жасақталған аумақта тәттілер мен сыйлықтар таратылатын «Көңілді старт»ойыны өткізіліп, автогрим жасау ісі ұсынылды. Сондай-ақ, арнайы шақырылған аниматорлардың өнерін тамашалай алды.
Қазақстан электролиз зауытының электротехникалық зертханасында сынақтарды баптау жөніндегі сарапшы болып қызмет ететін Шыңғыс Рақымжан аталмыш зауыттың жастар кеңесінің өкілі. Бүгінгі мерекелік шарадан керемет әсер алғанын айтады.
–Көңіл күй керемет. Шара барысында көптеген бағдарламаларды тамашаладық. Мәселен, киіз үйде тарихымыздан сыр шертілетін көрме ұйымдастырылды. Келушілер оларды тамашалап, суретке түсе алды. Барша жанды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! – дейді Шыңғыс.
Ал алюминий зауыты қызметкерінің жары Гүлдана Баймұратова ұлттық мерекені жергілікті тұрғындармен бірге қарсы алуды жөн санаған.
– Шараға 2 жасар ұлыммен келдім. Мереке жоғары деңгейде өтті. Керемет қойылымдар, билер, спорттық жарыстар өткізілді. Бүркітпен және тазымен суретке түстік. Наурыз көже мен бауырсақтан дәм таттық. Мерекелік шаралар мазмұнды, көрнекі әрі ауқымды деңгейде өткізілді. Әрбір адам үшін Наурыз мейрамы-жылдың ұмытылмас оқиғасына айналды. Наурыз мерекесі баршамызға құт-береке әкелсін, – дейді Гүлдана Баймұратова.
Бұл күні жасалған игі істер мен көрсетілген құрмет көпшіліктің көңілінен шығып, мерекелік шара барша қатысушыларға ерекше қуаныш сыйлады. Мерекелік жиында мерекелік әндер шырқалып, қойылымдар ұсынылып, зауыт қызметкерлері мен қала тұрғындары бірін-бірі ұлттық мерекемен құттықтады. Ал ұлттық ойындарда бақтарын сынаған қатысушылар жүлделі орындармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Айдана Боранбай
Жарнамалық материал