Әлеуметтік зерттеу: қазақстандықтардың 86,9%-ы Президентке сенім білдіреді

Әлеуметтік зерттеу: қазақстандықтардың 86,9%-ы Президентке сенім білдіреді
Фото: Константин Шелков

Зерттеу қорытындыларына сәйкес, қазақстандықтардың 84,1%-ы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) «2026 жылғы электоралдық ландшафт және сайлау тенденциялары: қоғам не күтеді» тақырыбында өткен Sarap сарапшылар клубының отырысында қоғамдық-саяси ахуал мен азаматтардың саяси ұстанымдарына арналған екі әлеуметтік зерттеудің нәтижелерін таныстырды.

Зерттеу қорытындыларына сәйкес, қазақстандықтардың 84,1%-ы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалайды. Бұл көрсеткіш биылғы бірінші тоқсандағы 70,4%-бен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

Сауалнама қоғамдағы оң көңіл күйдің нығайғанын көрсетті. Азаматтардың 88,5%-ы өз көңіл күйін жақсы немесе бірқалыпты деп бағаласа, алаңдаушылық білдіретіндердің үлесі 11,5%-ға дейін төмендеген. Сонымен қатар респонденттердің 85,8%-ы өз өміріне қанағаттанатынын айтқан.

Материалдық жағдайға қатысты бағалар да оң өзгерістерді көрсетеді. Сауалнамаға қатысқандардың 50,5%-ы соңғы бір жылда отбасының әлеуметтік жағдайы жақсарғанын атап өтсе, 60,1%-ы алдағы бір жылда да оң өзгерістер күтетінін жеткізген.

Зерттеу нәтижелері жастар арасында да жоғары деңгейдегі оптимизм қалыптасқанын көрсетті. 18–28 жас аралығындағы азаматтардың 87,1%-ы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты деп бағалайды, ал 65,6%-ы жақын болашақта өз өмірінің жақсаратынына сенім білдірген.

Мемлекеттік институттарға деген сенім көрсеткіші де жоғары деңгейде сақталған. ҚҚДИ мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында қазақстандықтардың 86,9%-ы Қазақстан Президентіне сенім білдіретінін айтқан. Бұл көрсеткіш барлық жас санаттарында жоғары деңгейде қалыптасқан.

«Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» зерттеуі алдағы Құрылтай сайлауына азаматтардың қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Респонденттердің 75,1%-ы дауыс беруге қатысуға дайын екенін мәлімдеген. Оның ішінде 37,6%-ы сайлауға міндетті түрде қатысатынын айтса, тағы 37,5%-ы қатысу ықтималдығы жоғары екенін көрсеткен.

Сайлауға қатысуға дайындық деңгейі егде жастағы азаматтар арасында – 80,7%, ал жастар арасында 69,4%-ды құрады. Сондай-ақ жоғары білімді азаматтар мен ауыл тұрғындары да жоғары электоралдық белсенділік танытып отыр.

Зерттеу нәтижелері ҚҚДИ ұйымдастырған «Sarap» сарапшылар клубының отырысында ұсынылды. Іс-шараға ғылыми қауымдастық, талдау орталықтары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, жаңа конституциялық жағдайдағы қоғамдық үміттер, партиялық жүйенің дамуы және алдағы Құрылтай сайлауының ерекшеліктерін талқылады.

Қазақстандық қоғамдық даму институты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында аккредитациядан өткен.