Биыл қанша қазақстандық Skills Enbek платформасында оқыды?

Биыл қанша қазақстандық Skills Enbek платформасында оқыды?
Фото: pixabay.com/ StartupStockPhotos

Курстардың ұзақтығы – 1-ден 72 сағатқа дейін, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері 22,5 мың азамат, оның ішінде шамамен 17,6 мың жұмыссыз Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстардан өткені туралы сертификаттар алды. Платформада барлығы 527,5 мың қазақстандық тіркелген, оның 28,8 мыңы – 2025 жылы тіркелді. Бұл ретте платформа жұмысының барлық кезеңінде 433,4 мың адам оқудан өтті.

Оқудан өткен 17,6 мың жұмыссыз азаматтың 4,4 мыңға жуығы негізінен Ақтөбе, Түркістан, Қостанай облыстарының және Шымкент қаласының жастары.

Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар әртүрлі бағыттар бойынша 859 курс жариялады, оның 313-і тегін. Сондай-ақ, одан әрі оқу үшін білім беру алаңдарына ауысу мүмкіндігімен Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары бар.

Ақпан айындағы ең көп сұранысқа ие курстар – «Страховой агент», «Кассир», «Построение отдела продаж в отеле», «Основы коммуникации и правила общения с лицами с инвалидностью и особыми потребностями» және «Продавец».

Платформада әлеуметтік қызмет көрсету, туризм, мұнай, газ, ресурстарды өндіру, құқықтану және т.б. салалардағы түрлі мамандықтар бойынша тегін курстар саны үнемі артып келеді.

Бұдан бұрын хабарлағандай, платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.

Оқуға https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы қол жеткізуге болады.

Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілін, материалды берудің ыңғайлы принципін дербес таңдайды, білім беру үдерісіндегі өзінің ілгерілеуін бақылай алады.

Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруға тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. 

Платформада тіркелу және жұмыс істеуге қатысты барлық сұрақтар бойынша «ЕРДО» АҚ жауапты қызметкерлерімен байланысуды сұраймыз: 8 (7172) 95 43 17 (ішкі. 877, 878, 888).