Өркениет жетпейді: Ақсу ауылдық аймағының тұрғыны назар аударуды сұрайды
Спутник ауылында су, жарық, жол мәселесі өзекті болып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Пограничник ауылдық аймағы Спутник ауылының тұрғыны Константин Тридняк облыс әкімі Асайын Байхановтың Павлодар қаласының тұрғындарымен кездесуінде ауылдың жағдайына қатысты мәселені көтерді.
– Сізден Спутник ауылына назар аударуыңызды сұраймын. 20 жыл ішінде бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Алты миллион теңгеге балалар алаңы салынды, бірақ оған ешкім бармайды. Бүгінгі 21 ғасырда ауылға өркениет әлі жетпеген. Бұл ауыл ешкімге керек емес тәрізді, құлдырап бара жатыр. Ақсу әкіміне бардым, қанша уәде бергенімен нәтиже жоқ, – деді ауыл тұрғыны.
Облыс әкімі Ақсу қаласына жұмыс сапары барсында Спутник ауылына баруға уәде берді.
– Туған ауылыңыз үшін алаңдап отырғаныңыз түсінікті. Облыста 352 ауыл бар. Өкінішке орай, 174 ауылда инфрақұрылымды жаңарту керек. Аудандар мен қалалар облыстық, республикалық бюджеттен бес-алты ауылға қаржы алатыны белгілі. Спутник ауылына да кезек келеді. Бұл кезекті күшейту үшін Ақсу ауылдық аймағына сапарым кезінде Спутник ауылына барамын, – деді облыс әкімі.
Еске сала кетейік, кездесу барысында облыс орталығында қоғамдық көлік, балалар алаңдары мәселесі көтетірді.