Қазақстан ұлттық құрамасы: нәтиже үшін басшылар енді жеке жауапты болады
Спорт федерациялары басшыларының жұмысының тиімділігін бағалау үшін KPI жүйесін енгізу ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, негізгі тиімділік көрсеткіштері туралы ұсынысты қоғамдық кеңестің отырысында спорт саласына қатысты комиссия мүшелері жасады.
Аталған көрсеткіштер федерация басшыларының жеке міндеттемесі ретінде айқындалып, олардың аккредитациядан өту кезіндегі міндетті шартына айналмақ.
Қоғамдық кеңес өкілдері спорт федерациялары басшыларына төмендегідей нақты және өлшенетін тиімділік көрсеткіштерін орындауды міндеттеуді ұсынды:
- Тиісті спорт түрін қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражаттың кемінде 10%-ына тең мөлшерде демеушілік қаражат тарту. Мысалы, 15 миллиард теңге бюджет қарастырылса, федерация кемінде 1,5 миллиард теңге демеушілік қаржы тартуы керек. Бұл қаражатты қаржылық есептің ашықтығы үшін «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ арқылы бағыттау ұсынылды.
- Олимпиадалық цикл (4 жыл) ішінде ұлттық құрамаларды дайындау стандарттарына сай келетін кемінде бір спорт кешенін салу немесе жаңғырту үшін инвестор тарту.
- Олимпиадалық цикл ішінде Федерацияның өз қаражаты есебінен чемпиондар мен жүлдегерлерді дайындаған кемінде үш білікті шетелдік жаттықтырушы мен кеңесшіні тарту.
- Халықаралық федерацияларда кемінде бір отандық өкілдің қызмет етуін және Олимпиада мен Азия ойындарында қазақстандық төрешілердің төрелік етуін қамтамасыз ету.
Осылайша спорт федерациялары басшылары өз командаларын жан-жақты дамытуға, ұлттық құрамалардың түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарда, соның ішінде Олимпиада және Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсетуіне бағытталған міндеттемелерді орындауға жауапты болады.
Қоғамдық кеңес KPI көрсеткіштерінің орындалу барысын жыл сайын екі мәрте қарауды ұсынды. Сонымен қатар кеңестің федерациялар қызметіне қатысты қорытындылары көпшілікке қолжетімді болып, БАҚ-та жарияланатын болады.