Ақысын төлемеген: Қазақстанда балаларды мәжбүрлеп түсіргендер жауапқа тартылады
Жаңа заң жобасы аясында бұл сұрақ қарастырылады, деп хабарлайды Kazinform.
Автобус ақысын төлемеген 16 жасқа дейін балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіргені үшін жауапкершілік қарастырылуда. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев мәлім етті.
Ішкі істер министрлігінің апталық баспасөз мәслихатында «Жаңа заң жобасында 16 жасқа дейінгі балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп шығарып жібергені үшін жауапкершілік қарастырылуда. Бұл өз кезегінде билетсіз жолаушылардың көбеюіне алып келмей ме?» деген сауал қойылды.
«Бұл норма алдымен балалардың қауіпсіздігі үшін қарастырылып отыр. Менің ойымша, аталған шара билетсіз жүретін жолаушылардың санын көбейтуге жол бермейді. Қоғамдық көлік жүргізушісі немесе кондуктор полицейлер мен қамқоршылық қорғау органдары өкілдерін шақырады, содан кейін баланың автобуста билетсіз жүру себебі анықталады. Себепті анықтау барысында ата-анасының кінәсі белгілі болса, яғни баласының қоғамдық көлік ақысын төлеуін қамтамасыз етпесе, онда ата-анаға жауапкершілік қаралуы мүмкін», - деп жауап берді Шыңғыс Алекешев ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.