Қазақстанда жаңа кәсіби мереке пайда болуы мүмкін
Көлік министрлігі Автомобиль көлігі саласы қызметкерлері күнін бекіту туралы Еңбек министрлігіне ұсыныс тастады, деп хабарлайды BAQ.KZ Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көлік министрі азаматтарды жеке қабылдады. Марат Қарабаевпен кездесуге Үкіметтің азаматтарды қабылдау орталығына Астана, Алматы, Атырау және Петропавл қалаларынан 20 адам жазылды. Олардың қатарында, шетел азаматтары, сауда, өнеркәсіп, туристік және көлік компанияларының өкілдері, сондай-ақ «ҚР автокөлік қызметкерлері одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері жазылды.
Қабылдау барысында жолаушыларды тасымалдайтын автомобиль көлігі, теміржол және автомобиль көлігі салаларын дамытуға қатысты өтініштер мен бастамалар қаралды.
Мәселен, Metro Cash&Carry, Siemens Kazakhstan, Кока-Кола Қазақстан және International Travel Plus компанияларының өкілдері кіретін Қазақстанның Еуропалық бизнес-қауымдастығының бастамашыл тобы министрден теміржол тарифтерін қалыптастыру кезінде болжамды әкімшілендіру құру және вагондарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді жоспарлау мәселесін шешу мүмкіндігі туралы, сонымен бірге инвестициялау жоспарлары туралы сұрады.
Сонымен қатар EUROBAK өкілдері Еуропадан Қазақстанға тауарлар импортын тасымалдау үшін жүк көліктерінің тапшылығы және шекарадағы шамадан тыс жүктемені пайдалана отырып, Ресей арқылы елге жүктердің транзитіне тыйым салу мәселелерін көтерді.
Sarens Kazakhstan ЖШС басшысы А.Мэттью елге ҚХР-дан тіркемелерді әкелу және жүктерді Өзбекстанға транзиттеу мүмкіндігі туралы сұрақ қойды.
Автобус парктері мен автотасымалдау кәсіпорындары («Қызылжар BUS» ЖШС, «Ба Ту travel компаниясы», CITY BUS, «Автобус паркі 3») басшыларының тобы көлік ведомствосының басшысына жолаушылар тасымалын субсидиялау қағидаларына, жолаушылар мен багажды тасымалдау бойынша қызметтер көрсету тарифтерін есептеу әдістемесін өзгертуге қатысты сұрақтармен жүгінді. Сондай-ақ автопарктерден қазақстандық өндірістегі автобустар құнының өсу қарқынын төмендету мәселесін пысықтау мүмкіндігін қарастыру сұралды.
«ҚР автокөлік қызметкерлері одағы» ЗТБ бас директоры көлік саласының проблемаларын айтып, оларды шешу және көлік министрлігінің құрылымын өзгерту бойынша идеяларды ұсынды. Сөз кезегінде Сәбит Аманбаев көлік саласында қызмет етіп жүрген мамандардың қоғамдағы беделін арттыру мақсатында кәсіби мереке – автомобиль көлігі қызметкерлері күнін бекіту қажеттігі туралы айтып өтті.
Өтініш білдіргендердің барлығына заңнама нормалары мен министрлік жүргізіп отырған көлік саласын дамыту саласындағы келісілген мемлекеттік саясат шеңберінде толық түсіндірме берілді.
Сонымен қатар EUROBAK бастамашыл тобы халықаралық тасымалдау саласындағы ағымдағы ахуал және көлік құралдары паркін ұлғайтуға бағытталған шаралар туралы хабарлады.
Халықаралық тасымалдармен айналысатын ершікті тартқыштардың құнын төмендету бойынша шаралар қабылданды. Атап айтқанда, 2022 жылдан 2025 жылға дейін кәдеге жарату алымы жойылды және 2023 жылдан 2028 жылға дейін бастапқы тіркеу алымы жойылды. Ресей Федерациясында қайта тіркеуге тыйым 2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың соңына дейін қолданылды. Еліміздегі «қайта тіркеу» тетігін қолдана отырып, жүктерді тасымалдауға биыл ақпан айынан бастап рұқсат беру жоспарланып отыр. Тиісті бұйрықтың жобасы Әділет министрлігінде келісімде жатыр, – деді министр
Кәсіби мерекені бекітуге қатысты одақ басшысына тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айтылды. Қаңтарда тиісті ұсыныс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберілген.
Автопарк басшыларына Көлік министрлігі өз тарапынан автомобильмен жолаушыларды тасымалдау саласының проблемаларын шешу бойынша жұмысқа бастамашылық жасап, нәтижесінде ақпан айында арнайы жұмыс тобы құрылғандығы айтылды. Жұмыс тобының құрамына жергілікті атқарушы органдар, «Атамекен» ҰКП, қауымдастықтар мен тасымалдаушылар кіреді. Қазіргі уақытта жұмыс тобының мүшелерінен ұсыныстар жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс тобының отырысын биыл наурыз айында өткізу жоспарланып отыр.