Павлодарлықтарға Қазақстанның түкпір-түкпірінен әкелінген ерекше кимешектер көрсетеді
Мәдениет басқармасы көктем мейрамдарын мерекелеу жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
1 наурыз – Алғыс айту күні, 8 наурыз - Халықаралық Әйелдер күніне орай облыс бойынша 1500-ға жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мәлім етті.
– Алғыс айту күніне бес жүзден астам іс-шара ұйымдастырылады, оның ішінде ең ауқымдысы– Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Киесінің киелісі- кимешек» қазақ халқының бас киім көрмесі болып табылады. Бүкіл Қазақстанның үлгілері көрсетіледі, себебі әр өңір өзінің тұрған тұрмысына, климатына байланысты кимешектерді түрлі үлгіде киген болатын. Кимешектер ою-өрнегіне дейін әрқилы болуы мүмкін. Көрмеде тек Қазақстанда ғана емес, жақын шетелде тұрып жатқан қандас бауырларымыздың де киген кимешектері көрсетіледі, – деді Медет Тауасқан.
Оның сөзінше, облыстық Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде ресейлік суретшілердің «Айналардың арғы жағында» интерьер туындылар көрмесі қойылады. Ал, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Бала тілі бал» жобасы аясында №6 балабақша бүлдіршіндерімен кездесу жоспарланған. Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында «Кездесу мен қоштасу» драмасы және А.Чехов атындағы облыстық драма театрында «Дубровский» мюзиклы қойылады. 1 наурызда қалалар мен аудандарда «Алғыс айту күніне» арналған мерекелік концерттер, кездесулер, фестивальдер ұйымдастырылады.
– Өңірде Халықаралық әйелдер күніне орай 800-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Әйелдер қауымы үшін 8 наурызда театрдағы барлық қойылымдар тегін болады,– деп атап өтті Медет Тауасқан.– Естай атындағы мәдениет сарайында 7 наурызда Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиында облыстық филармония әртістері, Ж.Аймаутов атындағы қазақ музыка-драма театрының актерлары мен арнайы шақырылғын эстрада әншісі– Қайрат Байекенов және Формат тобы өнерлерін көрсетеді.
8 наурызда Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында кешкі 17:00-де «Алғашқы махаббат» комедиясы және А.Чехов атындағы облыстық драма театрында кешкі 19:00-де «Будьте здоровы» комедиясы қойылады.
Облыстық «Шаңырақ», Павлодар қаласының «Колос», Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталықтарында және Естай атындағы мәдениет сарайында тегін мерекелік концерттер өткізіледі. Ал кешкі сағат 19:00-де Естай атындағы мәдениет сарайында Қазақстанның эстрада жұлдызы Ернар Айдардың коммерциялық концерті өтеді. Облыс тұрғындарының сұранысына орай Иса Байзақов атындағы филармонияда «Муслим Магомаевтың шығармашылығына арналған» концерттік бағдарламасы қайта ұйымдастырылады. Ол тегін болады.
12 наурызға дейін облыстық Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде «Өнердегі әйел» атты көрмесі жұмыс істейді.
Ақсу мен Екібастұз және барлық аудандарда да мерекелік концертттер жоспарланған.