Қытайдағы қазақтар неліктен ана тілін толық сақтап келеді?

«Қазақ тілінің жойылмауы саясаттан ба әлде өз ана тіліне деген сүйіспеншіліктен бе?» деген сұраққа @Pavlodarnews.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
Қытайдағы қандастардың өз ана тілін сақтап, ұлттық мәдениетті ұмыт қылмай, қастерлеп қадір тұтақаны туралы Қытайдың Іле қазақ облысында жиырма бес жылдан астам қазақ мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, зейнетке шыққан ұстаз Әлен Оразаліұлы түсіндірді.
– Қазақтар – Қытайдағы мойындалған 56 ұлттың бірі және ҚХР-дағы ең ірі этникалық азшылықтардың бірі, олардың саны 1,2 миллионға жуықтайды. Қазақтар негізінен Шыңжаң-ұйғыр автономиялық округінде, атап айтқанда, Іле-қазақ автономиялық округінде, Мулей-қазақ және Баликун-қазақ автономиялық округтерінде қоныстанған, – дейді зейнеткер.
Оның айтуынша, Қытай халық ресубликасы құрылған кезден бастап әр ұлт өзіндік ұлт ерекшелігін жоғалтпау керек деген саясаттың арқасында әр ұлттың өз ана тілінде сабақ беретін мектептері құрылған. Мектепте өз ана тіліндегі шығарылған оқулықтармен сабақ өтіледі.
– 1965 жылға дейін араб жазуына негізделіп, А.Байтұрсынұлы жасаған қазақтың төте жазуын (қытай қазақтары көне жазу деп атайды) қолданып келді де, 1965-82 жылдар аралығында латын жазуына негізделіп жасалған жазуды (қытай қазақтары жаңа жазу деп атайды) қолданып, 1982 жылдан бастап қайтадан 1965 жылғы қазақтың төте жазуды қолданып келеді, – дейді ол.
Зейнеткердің айтуынша, арнайы А.Байтұрсынұлының ұлттық қазақ жазуы деген жазу жүйесі қолданылған әліпбиі оқытылды. Әліпбиде қазақ тіліне тән, төл дыбыстарға ғана орын беріліп, кірме дыбыстар алынбайды. Ғалым гетерогенді сипат алған емлені, әліпбиді жалпыхалықтық, ұлттық негізде қарастырады. Ғалымның реформалауынан кейінгі араб жазуын бүкіл түркі жұрты ұлттық жазу жүйесі деп таныйды.
– Сол себепті де мектеп табалдырығынан бастап ана тілімізді үйретіп, дәріптедік. Кітапта ұлы тұлғалардың шығармалары оқытылды. Оқушыларға Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтқызатынбыз, – дейді ұстаз.
Ұстаздың айтуынша, ұлы тұлғалардың ұлағатты сөзін жаттап өскен ұрпақ, өз ұлтын құрметтеп, жадына сақтап жүреді. Тек мектепте ғана емес, күнделікті өмір де болсын қазақ тілінде сөйлеуді әдетке айналдырған. Себебі тілдің дамуында ішкі факторлармен қатар сыртқы ықпал да шешуші рөл атқарады.
– Сыртқы фактор дегеніміз – көрші тілдің әсері, басқаша айтқанда, географиялық ортаның ықпалы. Ішкі фактор болса, ол ‒ сол тілдің ішкі даму заңдылығынан туған, оның табиғатына, жаратылысына тән өз бойындағы төлтума ерекшелігі, – дейді ол.
Анығын айтқанда қазақ тілін ұмытып қалуға қатты қысым түскен жоқ. Өз ана тілін сөйлеуге намыстанатын ұрпақ туған жоқ. Өз тілін құрметтеп, сыртқы немесе ішкі фактордың ықпалына ұшырайтын қараңғылық орнаған жоқ.