Павлодар облысының студенттері Қытайдың озық технологияларымен танысты
Павлодар өңірінен барған делегация Қытайдың ірі өнеркәсіптік орталықтары мен жетекші техникалық жоғары оқу орындарын аралап қайтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің оқытушылары мен студенттері Қытайдың Шаньси провинциясында бір апта бойы тағылымдамадан өтті.
Делегация құрамында өндірістік оқыту шеберлері Леонид Граф пен Расул Елеусізов, сондай-ақ студент-чемпиондар Максим Сорозидинов пен Валерий Кондрушин болды. Максим – WorldSkills Kazakhstan – 2025 чемпионатының «Электромонтаж» құзыреттілігі бойынша жеңімпазы, ал Валерий – ERG Skills International – 2025 жарысының «Өнеркәсіптік автоматика» бағыты бойынша чемпионы. Екеуі де жоғары жетістіктері үшін Павлодар облысы әкімінің «Шебер асуы» сыйлығымен марапатталған.
Студенттердің айтуынша, мұндай тағылымдамалар жастар үшін кең мүмкіндіктер береді. Олар әлемдік озық технологияларды меңгеруге және болашақта оларды отандық экономикаға енгізуге жол ашады. Қатысушыларға әсіресе бүгінде халықтың өмірін ыңғайлы әрі қауіпсіз ететін жасанды интеллекті бар роботтар ерекше әсер қалдырған.

– Өте керемет әсер алдық. Елде тәртіп қатал сақталады, адамдар мейірімді әрі сыпайы. Шаньси провинциясы өзінің жарқын, бай табиғатымен және терең тарихымен таңғалдырды. Қытай робототехника мен жасанды интеллектті қарқынды дамытып келеді, мұнда өмір сүру деңгейі де жоғары, – деп бөлісті Леонид Граф.
Тағылымдама бағдарламасы өңірдегі жетекші жоғары оқу орны – Шаньси өнеркәсіп-энергетика университетіне барудан басталды. Бұл оқу орнында тау-кен ісі, энергетика және автоматтандыру бағыттары қарқынды дамыған.
Делегация салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, кейін интеллектуалды кен өндіру жүйелерімен, бұрғылау технологияларымен және шахталарды VR-модельдеу үдерістерімен танысты. Сонымен қатар қатысушылар «Хуа Бин Ядянь» көмір кәсіпорнына барып, виртуалды шындықтың өндірістегі қауіпсіздікті арттыру мен оқытуда қалай қолданылатынын көрді.
Келесі күн өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне арналды.

– Таңертең біз нақты жағдайларға барынша жақын авариялық-құтқару жаттығуларынан өттік: өрт пен опырылу кезінде әрекет ету, газталдағыштармен және жеке қорғаныс құралдарымен жұмыс істеуді үйрендік. Түстен кейін әлемдегі ірі электромобиль өндірушілердің бірі – BYD зауытына бардық. Онда жоғары технологиялы құрастыру желілерін көріп, тұрақты көліктің болашағымен таныстық, – деді делегация өкілдері.
Тағылымдаманың бір күні мәдени бағдарламаға арналды. Павлодарлықтар Терракот әскерінің музейіне барып, Цин әулеті дәуіріндегі театрландырылған қойылымды тамашалады, Сиань қаласының тарихи орындарын – Үлкен Жабайы Қаз пагодасы храмын және ән салатын субұрқақтарды көрді.
Тағылымдаманың тәжірибелік бөлігі техникалық мамандар даярлайтын Сяньян кәсіби институтында өтті. Қатысушылар сандық бағдарламалық басқару (CNC) жүйелерімен жұмыс істеудің негіздерін меңгерді: станоктарды баптау, басқару бағдарламаларын жазу және бөлшектерді дайындау. Түстен кейін делегация коммерциялық көліктерге арналған трансмиссиялар өндіретін Қытайдағы жетекші компания – FAST кәсіпорнына барып, жоғары дәлдіктегі құрастыру технологияларымен танысты.
Бағдарламада электромонтаж және автоматтандыру тақырыптарына да ерекше назар аударылды. Шаньси өнеркәсіп-энергетика университетінде қатысушылар жиілік түрлендіргіштерді және жабдықтарды монтаждау талаптарын зерделеді. Күннің екінші жартысы электр жабдықтарын өндіруде халықаралық көшбасшы саналатын CHINT Electric Co., Ltd. компаниясында өтті. Делегация заманауи тарату жүйелері мен болашақ өнеркәсіптің негізін құрайтын компоненттерді көрді.
Сонымен қатар павлодарлықтар Қытайдағы сауда ерекшеліктерімен де танысты. Олар Канфулу Даянта сауда орталығын және бірегей сәулеті, базарлары мен көше тағамдарымен танымал Сиань қаласындағы Мұсылман кварталын аралады.
Тағылымдама халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен кәсіби өсудің маңызды қадамына айналды. Ол қатысушыларға тәжірибе алмасуға, озық технологияларды іс жүзінде көруге және павлодарлық колледж студенттері мен өндірістік оқыту шеберлерінің жоғары дайындық деңгейін халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжіне Францияның беделді Академиясы – Académie de Paris тарапынан мойындау берілген. Қазіргі таңда колледжде 16 мамандық пен 47 біліктілік бойынша 800-ден астам студент білім алуда. Өткен жылдан бері облыстың оқу орындары салалық министрліктің талаптарына сәйкес халықаралық аккредитациядан өтуде, онда жұмысшы мамандықтарына ерекше көңіл бөлінуде.