Биыл Павлодар облысы ауқымды даму жоспарларын іске асыруға көшеді
Жаңа жылдан бастап жаңа міндеттер мен жобалар айқындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде жаңа жылдың алғашқы жұмыс аптасы аймақ басшысы Асайын Байхановтың ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесуінен басталды.
2025 жылдың қорытындыларын шығара отырып, өңір басшысы облыстың барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері тұрақты оң динамика көрсеткенін атап өтті.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылы өңір экономикасына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылып, бұл Павлодар облысының республика бойынша 2-орынға тұрақтауына мүмкіндік берді. 30 мың жаңа жұмыс орны құрылды, диқандар 1 млн тоннадан астам картоп жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Өңір 100% таза ауызсумен қамтамасыз етілді, 30 шақырымнан астам жылу желілері жөнделіп, жергілікті маңызы бар 430 км жол ретке келтірілді. Облыс орталығында 1 800 орындық 2 жаңа мектеп ашылып, барлығы 67 әлеуметтік нысан жаңартылды. Инвесторлардың қолдауымен 3 шағын жинақты ауыл мектебі салынды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 6 медициналық пункттің құрылысы аяқталды. Баянауылда «BAYANAUL ARENA» спорт кешені бой көтерді.
– Бұл нәтижелер жүйелі жұмыстың және мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында іске асырылды, – деді облыс әкімі.
2026 жылы облыс ауқымды даму жоспарларын іске асыруға көшеді. Өңір өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласында жалпы инвестиция көлемі 450 млрд теңгеге жуық 20-дан астам ірі инвестициялық жобаны іске қосуға, сондай-ақ 32 әлеуметтік нысанды салу мен жаңғыртуға дайын.
Депутаттық корпустың бастамалары да жеке ұсынылды - жалпы сомасы 18,1 млрд теңгеге 66 жоба.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биылдың өзінде 5 ірі әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы басталады, олардың 4-еуі облыс орталығында орналасқан: екі мұз айдыны мен керлинг алаңдары бар Мұз сарайы, 1 500 орындық екі залы бар көпфункционалды Конгресс-холл, бассейні мен көркем гимнастика залы бар, бір мезетте 5 000 адамды қабылдай алатын ірі спорт кешені, сондай-ақ 20 000 орындық жаңа футбол стадионы.
Өңір басшысы 2028 жылдан бастап Павлодар облысы толықтай өзін-өзі қаржыландыруға көшетінін, бұл дотациялардан бас тартып, тұрақты кіріс базасын қалыптастыруды білдіретінін атап өтті.
Кездесу соңында Асайын Байханов депутаттарға өңірдің бірқатар басым жобаларын республикалық бюджет деңгейінде қаржыландыруға қолдау көрсету туралы өтініш білдірді.

Атап айтқанда, 2026 жылы жылумен жабдықтау саласында кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жалғасатын болады. Жалпы сомасы 16 млрд теңгеге 13 басым жоба қолдау тапты, алайда қосымша тағы 6 жобаға 6,1 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет: оның ішінде 4 жоба Екібастұзда, 2 жоба Ақсуда.
– Аталған жобалардың барлығы тұрғындарымыз үшін аса маңызды әрі қажет. Осыған байланысты депутаттардың қолдауы біз үшін айрықша маңызды, – деді Асайын Байханов.
Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында Павлодар қалалық №1 аурухананың ( «Б» блогы) ғимаратын қайта жаңғыртуға 6,3 млрд теңге бөлу қажеттілігі атап өтілді. Бұл облыс тұрғындарын жоғары технологиялық кешенді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.