1 шілдеден бастап орманшылардың жалақысы екі есе өседі
Елімізде 1 шілдеден бастап орманшылардың жалақысы екі есе өседі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұндай мәліметті ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев айтты.
- Бүгінгі күні ұлттық парктер мен қорықтарда 2 525 адам жұмыс істейді. Осы күнге дейін орман шаруашылығы саласындағы ең төменгі жалақының бірі болатын. Бірақ қазіргі уақытта осы мәселе бойынша министрлікпен бірге тиісті жұмыс жүргізілді. Енді 1 шілдеден бастап жалақы 100 пайызға өсіреді деп көздеп отырмыз, - деді Данияр Тұрғамбаев Казгидрометте өткен брифингте.
Сөзінше, орман шаруашылығы саласындағы мамандардың ең төменгі жалақысы штаттық кесте бойынша 80 000 теңгеден астам. Бұл - инспекторлардың жалақысы. Енді осы жалақы екі есе өседі.
- 2 525 адамның 1 912-сі инспектор болып жұмыс істейді. Бұл нормаға сай емес. Саны екі есе көп болуы керек. Десе де мамандардың саны көбейіп келеді, - деп айтты ол.
Сөзінше, мамандарды осы салаға қызықтырудың бір жолы - жалақыны көтеру.