2029 жылға дейін Қазақстанда цифрландырудың жаңа кезеңі жүзеге асырылады
Үкімет Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру жоспарын бекітті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстанда цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған жаңа кезең басталды. Үкімет 2029 жылға дейін Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жоспар азаматтардың өмір сапасын арттыруға, бизнестің дамуына және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге бағытталған. Негізгі басымдықтардың бірі – жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне жаппай енгізу.
2029 жылға қарай мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарын тәмамдайтын жастардың кемінде 80%-ы жасанды интеллектінің базалық дағдыларын меңгеруі тиіс. Ал 2028 жылға қарай жоғары оқу орындары мен колледждердің кемінде 80%-ында білім беру процесіне ЖИ технологияларын енгізу жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында бірыңғай цифрлық контурды дамыту, медициналық деректермен жедел алмасу және клиникалық шешім қабылдау кезінде жасанды интеллектіні қолдану ауқымын кеңейту көзделген.
Мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау саласында азаматтардың уақытын үнемдеуге басымдық беріледі. Белсенді қызметтерді, автоматтандыруды және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану нәтижесінде 2029 жылға қарай қызмет көрсету уақыты кемінде 50%-ға қысқаруы тиіс.
Өңірлерде қауіпсіз әрі жайлы қалалық орта қалыптастыру үшін интеллектуалды мониторинг және талдау жүйелері енгізіледі. Бұл көлік қозғалысын тиімді басқаруға, қауіпсіздік шараларын күшейтуге және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Цифрлық трансформация энергетика, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларын да қамтиды. Мәселен, 2029 жылға қарай жылу-энергетика кешені активтерінің кемінде 70%-ын цифрлық мониторингке қосу жоспарланып отыр.
Құрылыс саласында техникалық күрделі жаңа нысандардың 100%-ын жобалаудан бастап пайдалануға берілгенге дейін бірыңғай цифрлық контурда сүйемелдеу көзделген.
Көлік және логистикада жүктердің қозғалысын толық цифрлық бақылауға мүмкіндік беретін Smart Cargo жүйесін дамыту жоспарлануда. Басым жүк тасымалдары цифрлық паспортпен және бүкіл маршрут бойынша трекинг жүйесімен қамтамасыз етіледі.
Жоспар отандық IT-индустрияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды да көздейді. 2029 жылға қарай IT-қызметтер мен цифрлық шешімдер экспортын кемінде 50%-ға ұлғайту жоспарланған.
Сонымен қатар, робототехника саласындағы өңірлік құзыреттер орталықтарын дамыту және отандық технологиялық компанияларды қолдау шаралары қарастырылған.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында Қазақстанда заманауи есептеу қуаттарын орналастыруға және жасанды интеллектіні ауқымды енгізуге мүмкіндік беретін технологиялық база қалыптастырылады.
Цифрландыру үдерісі киберқауіпсіздікті күшейтумен қатар жүреді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейін арттыру, халықтың цифрлық сауаттылығын көтеру және азаматтардың дербес деректерін пайдалануды бақылау мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр.
Осылайша, Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру Қазақстан экономикасы мен мемлекеттік басқарудың негізгі бағыттарын цифрлық технологиялар негізінде жаңғыртуға мүмкіндік береді.