Ақтоғайлық шаруалар майлы дақылдарға басымдық берді
Бұл нарық талабына сай болған өзгеріс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арыновтың айтуынша, биылғы ауыл шаруашылығы жылы ерекше табысты болды. Соңғы жылдары ауданда суармалы егіншілік кеңінен дамып келеді, оның жалпы көлемі қазіргі таңда алты мың гектардан асып отыр.
Биыл «Жангөбек» ЖШС 746 гектарлық суармалы алқапты іске қосып, жобаға 664 миллион теңге инвестиция салды. Нәтижесінде 10 тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал «G-AGRO PV» компаниясы 15 тұрақты, 50 маусымдық жұмыс орнын ұйымдастырып, жаңа жобасын іске қосқаннан кейін тағы 861 гектар суармалы жер қосылады. Инвестиция көлемі – 2,3 миллиард теңге.
«Agro Terra» компаниясы да суармалы жүйені кеңейтуді жалғастыруда. Аталған жоба су алу және су жеткізу инфрақұрылымын жаңғыртып, суармалы жер көлемін 270 гектардан 1078 гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Инвестиция сомасы 550 миллион теңгеден асады. Жоба аясында 15 тұрақты, 80 маусымдық жұмыс орны құрылады.
Бұдан бөлек, үш конкурстың нәтижесінде ауданның ауыл шаруашылығы айналымына 14,6 мың гектар жер қосылды. Желтоқсанда өтетін кезекті конкурс ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемін тағы 13 мың гектардан астамға ұлғайтпақ.
Қаршыға Арыновтың сөзінше, Ақтоғай ауданы дәстүрлі түрде дәнді дақылдарға басымдық беріп келген.
– Алайда соңғы жылдардың тәжірибесі мен нарықтағы жағдайды ескере отырып, шаруалар бағытын қайта қарады. Мысалы, биыл дәнді дақылдардың көлемі 50 мың гектардан 43 мың гектарға қысқарса, майлы дақылдар керісінше 18 мың гектарға өсті. Қалған дақылдардың үлесі шамамен өзгеріссіз қалды, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы инвестиция тарту бойынша да жоспарларымен бөлісті. Биыл негізгі капиталға 15 миллиард теңгеге жуық қаржы құйылған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 134,7 пайызға артық. Жыл соңына дейін тағы 17 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген.
Еске сала кетейік, бұған дейін аудан әкімі әлеуметтік салалар бойынша қарқынды дамып келе жатқанын пайымдады.