Павлодар облысында 10 жүргізуші көлікті мас күйінде тізгіндеген
Олардың барлығы заң алдында жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде «Заң мен тәртіп» қағидасын іске асыру аясында тәртіп сақшылары күн сайын рейдке шығады. Мәселен, өткен бір тәулікте облыс аумағында 826 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде 348-і жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысса, тағы 10 жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Патрульдік полиция ротасы мен батальонының жасақтары күн сайын кезекшілікке түсіп, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
- Авариялық-қауіпті учаскелерде қауіпсіздікті арттыруға ерекше назар аударылады. Қолданылатын әдістердің бірі - жүріс бөлігін жасанды түрде тарылту. Мұндай тәсіл бірқатар дамыған елдерде сәтті қолданылып келеді және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған. Жүріс бөлігінің тарылуы жүргізушілерді жылдамдықты төмендетуге, мұқият болуға және жол қозғалысы ережелерін сақтауға ынталандырады. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға ықпал етеді, - деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығының орынбасары Мәлік Оңғарбаев.
Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілерге жобаның мақсаттары туралы ақпарат беріп, жылдамдық режимін сақтаудың маңыздылығын түсіндіреді және туындаған сұрақтарға жауап береді.
Қабылданып жатқан барлық шаралар қауіпсіз әрі бақылаудағы жол ортасын қалыптастыруға бағытталған. Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.