Ақтоғайлық спортшылар отбасы сайлауға бірге қатысты
Спортты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған Тезекбаевтар отбасы – Серік пен Сақыпжамал мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Серік Тезекбаев – волейбол мен стритболдан Ақтоғай ауданының құрама командасының мүшесі. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер арасындағы волейбол және стритбол жарыстарында Павлодар облысының намысын қорғайды. 2024 жылы волейболдан Қазақстан Республикасының чемпионы атанған.

Жұбайы Сақыпжамал Тезекбаева Ақтоғай аграрлық-техникалық колледжінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Сондай-ақ аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде баскетболдан жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Өзі де стритболдан аудандық құрама командасының сапында өнер көрсетеді.
Отбасының үлкені Құдайберген Тезекбаев та спорттан қол үзбеген. Спорт ардагері кезінде Ақтоғай ауданының футболдан құрама командасының мүшесі болып, өңірдегі спорттың дамуына үлес қосқан.
Спортқа деген қызығушылық әулеттің кейінгі буынына да дарыған. Үлкен қызы Дильназ Павлодар қаласындағы Марғұлан атындағы педагогикалық институтта «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша, баскетбол мамандануында білім алып жүр. Ол оқу орнының баскетболдан құрама командасының мүшесі.
Ұлы Мәди балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің волейбол бөлімінде жаттығады. Ал кенже ұлы Ислам футбол үйірмесіне қатысып, спортқа алғашқы қадамдарын жасап келеді.
Осылайша, Тезекбаевтар әулетінде спортқа деген сүйіспеншілік ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Бүгін отбасы мүшелері спорттағы белсенділіктерімен қатар, сайлауға қатысып, азаматтық ұстанымдарын да білдірді.
Айта кетелік, Ақтоғай ауданындағы 28 сайлау учаскесінде 7500-ден астам сайлаушы тіркелген.
Фото: Аудандық ішкі саясат бөлімінен
