Павлодар облысында мыңға жуық адамның тұрғын үй құқықтары қалпына келтірілді
Баспана кезегінен айрылғандар қатарында жетім балалар да бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қалалық прокуратура өкілдері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың тұрғын үй құқықтарының бұзылғанын анықтаған. Атап айтқанда, азаматтарды тұрғын үйге мұқтаждар есебінен негізсіз шығару фактілері анықталды.
Бұған жергілікті атқарушы органның тұрғын үй заңнамасы нормаларын дұрыс қолданбауы себеп болған.
— Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 779 азамат бастапқы есепке қойылған күнінен бастап тұрғын үй кезегіне қайта енгізілді. Электрондық базаға тиісті өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ Шарбақты ауданында да бұзушылықтар анықталды. Заңды өкілдер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй кезегіне уақтылы қоймаған, - делінген хабарламада.
Мысалы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған екі апа-сіңлі 2025 жылғы шілдеде тұрғын үй кезегіне тұру құқығына ие болған. Алайда іс жүзінде олар есепке тек бір жылдан кейін қойылған.
Осыған ұқсас тағы 16 баланың құқықтары бұзылған. Бұдан бөлек, 2017 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған жетім бала тұрғын үй есебінен заңсыз шығарылған. Бұл ретте жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрғын үй алғанға дейін есептен шығарылуға жатпайды.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша бұзушылықтар жойылып, балаларды есепке қою мерзімдері заңнамаға сәйкестендірілді, ал кезектен заңсыз шығарылған бала кезекке 2016 жылдан бастап енгізіліп, тұрғын үй кезегі қайта қалпына келтірілді.