Адам ағзасын сату әрекеті: Павлодарда шетелдік күдікті ұсталды

Адам ағзасын сату әрекеті: Павлодарда шетелдік күдікті ұсталды
Фото: pexels.com

Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда көлеңкелі трансплантологияның жолы кесілді. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері адам ағзасын заңсыз сатуға әрекет жасаған шетелдік азаматшаны ұстады.

Оқиға шілде айының ортасында тіркелді. Жедел дерек бойынша, көрші мемлекеттің азаматшасы бүйрегін сатуға ниет білдіріп, Павлодар қаласына келген. Ол сатып алушымен кездесу өткізіп, бағасын және басқа да шарттарды талқылаған. Тараптар мәмілеге келген соң, сатуға келіскен.

– Біз арнайы жедел комбинация әзірлеп, іске асырдық. Сатушы ретінде әрекет еткен азаматша ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерінен ақшаның алғашқы бөлігін алған сәтінде ұсталды. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 116-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Қазір тергеу шаралары жүріп жатыр, – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Оның айтуынша, Қазақстан заңнамасына сәйкес, адам ағзаларын, тіндерін немесе олардың бөліктерін заңсыз сату немесе сатып алу әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке жатады. Мұндай әрекеттердің алдын алу – құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі.