Асайын Байханов Майқайың кенішінде қаза болған құтқарушылардың отбасыларына барды
Облыс әкімі оларға көңіл білдіріп, қаржылай көмек берілетініне кепіл берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңір басшысы өзінің Instagram-парақшасында мәлімдегендей, Бердібек Сарқыттың және Олег Тышкевичтің туған-туыстарымен кездесті. Кездесудің мақсаты – қаза тапқан құтқарушылардың туыстарына оларды ешкім жалғыз қалдырмайтынын жеткізу.
– Әрине, ешқандай қолдау сөздері мен төлемдер жақындарыңызды қайтармайды. Бірақ, біз аумағында қайғылы жағдай орын алған «Майқайың-алтын» АҚ-нан, мемлекеттен және жұмыс берушіден жан-жақты көмек алу үшін қажеттінің бәрін жасаудамыз. Сонымен қатар, кеніш пен жұмыс берушінің Яна мен оның ағасы алдындағы барлық міндеттемелерінің орындалуын қадағалайтын боламын, – делінген хабарламада.
Қаза болған жандардың отбасыларына кәмелетке толмаған балалардың болуы мен олардың жасына байланысты кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан 5-10 жыл үшін орташа айлық жалақы мөлшерінде сақтандыру өтемақысы беріледі.
– «Майқайың-алтын» АҚ бұған дейін бөлген қаражатын бірнеше есеге арттырады, ал жұмыс беруші қаза тапқандардың отбасыларының несиелері мен коммуналдық қарыздарын өтеуді өз мойнына алады, – деп толықтырды облыс әкімі.
Осындай көмектер іздестіру жүргізіліп жатқан екі құтқарушының денелері табылған немесе оларды қайтыс болды деп таныған жағдайда олардың отбасыларына да көрсетіледі. Қаржылай көмектің көлемі туралы ақпарат жұртшылыққа барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін хабарланатын болады.