Павлодардағы ұйымдардың бірі неліктен қаржылық шығын әкелуде?

Павлодардағы ұйымдардың бірі неліктен қаржылық шығын әкелуде?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

@Pavlodarnews.kz тілшісі мәселенің анық-қанығын білуге тырысты. 

Облыстық қоғамдық кеңесте өңірдегі жастар саясатының негізгі бағыттары, проблемалары мен даму үрдісі тақырыбы сөз етілді. Отырыста «Amanat» партиясы атынан «Miras» өңірлік кеңесінің төрағасы Дулат Әбетжанов Жастар бастамаларын дамыту орталығында бар қиындықтарды талқылады.

– Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты Жастар бастамаларын дамыту орталығы Ломов көшесі 38 құрылыста орналасқан. Ол 2012 жылы ақпан айында тіркелген. 13 жылдан бері электр қазандарымен жылытылып келеді. 2024 жылдың ақпан айында электр кабелі зақымдалып, нәтижесінде 14 күн бойы электр қуаты өшіп, жылу жүйесі тоқталып қалды, – деді Дулат Әбетжанов.

Былтыр «Павлодар жылу желілері» ЖШС нысанның орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосылуға техникалық шарттарды беруден бас тартқан болатын. 

– 2024 жылы жылыту маусымында 17 миллион 222 мың теңге, ал жазғы маусымда 2 миллион 779 мың теңге жұмсалған. Айырмашылығы 14 миллион 443 мың теңгені құрап отыр. Бұл шығындар электр қазандықтарын пайдалануға байланысты мекеме бюджетіне өте жоғары қаржылық жүктемені көрсетеді. Электрмен жылытуға тұрақты тәуелділік айтарлықтай шығындарға әкеліп қана қоймайды, сонымен қатар электр желілерінің істен шығуы кезінде жылумен жабдықтаудағы үзілістер қаупін арттырады, – деді кеңес мүшесі.

Дулат Әбетжановтың айтуынша, орталықтандырылған жылу жүйесіне көшу –  шығындарды айтарлықтай азайтып, мекемені тұрақты жылумен қамтамасыз етеді. Кеңес мүшесі, орталық басшылығы алдағы уақытта жылумен қамту мәселесін шешу қажет деп есептейді. Бұдан бөлек ол қызметкерлердің төмен жалақы алатынын баса айтты. 

– Штаттық кесте бойынша 43 адам, оның ішінде сегізі техникалық жұмыскер. Жоғары білімі бар инспекторлардың орташа жалақысы 120 мың теңгені ғана құрап отыр. Төмен жалақы мен ауыр жұмыс жағдайларында кадр тұрақсыздығына әкелуде. Бұл мәселе де әлі шешімін тапқан жоқ, – деді ол. 

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов шешуді талап ететін сұрақтардың барын жасырмайды. 

– Ғимараттың ауданы өте үлкен және электр қуатымен жылыту өте қымбатқа түседі. Біз осы мәселемен айналысатын арнайы қалалық қызметтерге өтініш бердік, бірақ әзірге оң жауап алған жоқпыз, – деді Әлнұр Сейдуманов.

Оның сөзінше, жастар бастамаларын дамыту орталығы қызметкерлерінің жалақысы бойынша сұрақты бірнеше мәрте көтерілді. Басқарма екі рет министрлікке хатты жолдады. Хатта үкіметтің азаматтық қызметкерлерге, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы қаулысына өзгерістер енгізе отырып, қазыналық кәсіпорындар толықтыру арқылы тізілімге жастар саясаты саласындағы мамандарды қосу туралы ұсыныс болды. Алайда қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен қарастырылуы керек деген жауап келді. 

– Жастар саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын кем дегенде 50 пайызға көтеру үшін шамамен 200 миллион теңгеден астам қаражат қажет.

Кеңес мүшелері Жастар бастамаларын дамыту орталығында жылыту мәселесі бойынша құжаттамаларды қарап шығуда және оңтайлы шешім тауып беруде қол ұшын созады.