Асайын Байханов «Үздік тәжірибелер орталығы» жобасының оң нәтижелерімен танысты

Асайын Байханов «Үздік тәжірибелер орталығы» жобасының оң нәтижелерімен танысты
Фото: Валерий Бугаев

Өткен жылдың мамыр айында өңірдің сегіз емханасында халыққа медициналық, психологиялық және әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтар ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Үздік тәжірибелер орталығы» жобасы – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жұмысын қайта форматтауға арналған жаңа құрал болып табылады. Оның басты мақсаты емханаларға жүгінетін халық ағынын тиімді реттеу есебінен дәрігерлерге, учаскелік қызметтерге және тіркеу орындарына түсетін жүктемені азайту болып табылады.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Асайын Байханов аталмыш пилоттық жобаның қалай іске асырылып жатқанын тексерді.

– №3 емханада психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер қабылдау жүргізетін фронт-кеңсе жұмыс істейді. Барлық өтініштер «осында және қазір» қағидаты бойынша қарастырылады. Кеңсенің 2023 жылдың қыркүйегінен бастап осы уақытқа дейінгі жұмысы кезеңінде әлеуметтік қызметкерлермен ем алушылардың ішінен 88 адам қамқорлыққа алынды. Бүгінгі таңда 25 адамның сұрақтары толығымен шешімін тапқан, қалғандарымен жұмыстар жалғасуда. Мамандардың табысты жұмысының жарқын мысалдарының бірі – осы уақытқа дейін ешқашан ешқайда жүгінбеген 1940 жылы туған ем алушыға зейнетақысын рәсімдеуге жәрдемдесуі, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, емханада әр түрлі кеңестер алуға болатын 35 жасқа дейінгі пациенттерді қабылдауға арналған жастар орталығы жұмыс істейді. Патронаж қызметінің әмбебап моделі бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.

Павлодар ауданының емханасында өңір басшысы ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі пациенттерге арналған тіркеу орнының, Дамумед медициналық ақпараттық жүйесіне қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының, психологиялық және әлеуметтік көмек бөлімшелерінің, дені сау бала кабинеттерінің жұмысымен танысты.

Мұнда жаңа жұмыс форматына барлық медицина қызметкерлері оқытылды. Жоба барысында санаттар бойынша 5000-ға жуық әлеуметтік-психологиялық паспорттар жасалды. Жұмыстардың нәтижесінде халықтың сенім көрсеткіші жақсарып, профилактикалық жұмыстар белсенді жүргізілуде.

– Үздік тәжірибелер орталығын енгізу – медицинаның бірегей бағыттарының бірі. Жан-жақты және адамға назар аудару, әр отбасына жекелей көмек көрсету маңызды. Тіпті, қол жеткізілген алғашқы нәтижелер де алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жұмысын қайта форматтауда маңызды дәлел болып табылады, – деп атап өтті өңір басшысы.

Жаңа сервистер: мейірбикелік және цифрлық бекеттерді, тіркеу және колл-орталық сервистерін, онлайн кеңестерді облыстың үш қаласындағы тағы тоғыз емханада ашу жоспарлануда.