«Қазақстан халқына» қоры: Павлодар облысында балалар нейрохирургиясы дамымақ
Мұндай мүмкіндікке еліміздегі 18 өңір ие болып отыр, деп хабрлайды @Pavlodarnews.kz.
Елімізде «QH балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту» қайырымдылық жобасы бекітілді. Жоба еліміздің 18 өңірінің нейрохирургтеріне арналған оқыту іс-шараларының кешенін жүргізу арқылы аймақтардағы балаларға көрсетілетін мамандандырылған және жоғары технологиялық нейрохирургиялық көмектің қолжетімділігін жақсартады және сапасын арттырады.
Аталмыш жоба аясында қайырымдылыққа Павлодардан бөлек, Ақмола, Алматы, Абай, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларындағы барлығы 21 медициналық ұйымы қол жеткізеді.
«Қазақстан халқына» қоры жобаны іске асыру аясында балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту үшін медициналық жабдықтар сатып алу бойынша қайырымдылық көмек көрсетеді. Аталған өңірлерде ауруханалардың нейрохирургиялық бөлімшелерін жалпы құны 3,43 млрд теңгеге жабдықтау көзделген.
Сонымен қатар, өңірлерде нейрохирургтер санының артуымен мамандарды оқыту және медициналық технологиялар трансферті арқылы балаларға нейрохирургиялық қызметтерге қолжетімділікті жақсарту мүмкіндігі пайда болды. Бұл ретте, балалар нейрохирургиялық төсектері бар 21 денсаулық сақтау ұйымында тиісті жабдық (қазіргі заманғы краниотомдар және нейромониторинг) жетіспейді, бұл өз кезегінде «қауіпсіз хирургия» технологиясының трансфертін жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді.
Жобада нейромониторинг, бейнеэндоскопиялық тіректер, краниотомдар, нейрохирургиялық құралдар жиынтығы, басын бекіту жүйесі бар операциялық үстелдер, қос жоспарлы ангиографиялық жүйесі бар гибридті операциялық бөлме бөлігінде жарақтандыру жоспарланып отыр.