Павлодарда жаңа донорлар Ұлттық тіркелімге қосылды

Павлодарда жаңа донорлар Ұлттық тіркелімге қосылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Акцияға отыздан астам адам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

29 шілде күні Павлодар облыстық қан орталығында Қазақстан Республикасының сүйек кемігінің гемопоэтикалық бағаналы жасушалары донорларының Ұлттық тіркелімі ұйымдастырған донорларды тіркеу акциясы өтті.

Мұндай шаралардың мақсаты – ауыр онкогематологиялық аурулармен күресіп жатқан науқастарға көмектесу үшін гемопоэтикалық бағаналы жасушаларды трансплантациялауға дайын донорлар базасын кеңейту.

– Акция барысында 30-дан астам адам гемопоэтикалық бағаналы жасушалар донорлары қатарына қосылды. Олардың ішінде 14 тұрақты қан доноры қан тапсыру кезінде қосымша 9 миллилитр үлгі беріп, тіркелімге енді, – деп хабарлады облыстық қан орталығының баспасөз қызметі.

Мамандардың айтуынша, әрбір жаңа донор ауыр онкологиялық қан ауруларымен күресіп жатқан науқастар үшін өмірге үміт сыйлайды.