Павлодарда классикалық шахматтан облыс чемпионаты өтті
Жарысқа қатысушылардың ең үлкені 80 жаста, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардағы «Шахмат үйінде» классикалық шахматтан облыс чемпионатының бірінші лигасы өтті. Зияткерлік ойын бәсекесі әртүрлі жастағы шахматшылардың басын қосып, жас спортшылар мен тәжірибелі ардагерлер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Жарыстың ашылу салтанатында «Шахмат үйінің» директоры Мырзабек Матан шахматқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және аға буын өкілдерінің белсенді қатысуын атап өтті.
– Сіздердің әрқайсыңыз жарысқа қатысу арқылы дұрыс таңдау жасадыңыздар. Жасы 80-нен асқан ардагерлердің жастармен бірдей деңгейде бақ сынап жатқанын көру қуантады. Бұл – үлкен жетістік. Баршаңызға зор денсаулық пен тартысты партиялар тілеймін. «Атпен жүр» дегендей, сәттілік серік болсын! – деді ол қатысушыларға.
Павлодар облысы спорт ардагерлері ұйымының төрағасы Талғат Мамашев та шахматшыларға сәттілік тілеп, мұндай турнирлердің ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы маңызын атап өтті.
Жарыс швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турдан тұрды. Әр партияға 45 минут уақыт беріліп, әр жүріс үшін қосымша 30 секунд қосылды. Бас төреші міндетін халықаралық төреші Ульяна Захарова атқарды.
Чемпионатты Арыстан Қапаев жетекшілік ететін Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалы Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.
Қатысушылар үшін тағы бір ынталандырушы мүмкіндік – беделді «Pavlodar Open-2027» турниріне қатысу құқығы болды. Абсолюттік есепте жүлделі орын алған шахматшылар аталған жарысқа турнирлік жарна төлемей қатыса алады.
Тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер төрт санатта анықталды.
Мәселен, 10 жасқа дейінгі балалар арасында бірінші орынды Александр Смелов, екінші орынды Карина Шкретова және үшінші орынды Ильхан Алметаев еншіледі. Ал 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Амир Төлегенов көш бастаса, екінші орынға Мирослав Семёнов, үшінші орынға Андрей Ивлев тұрақтады. 63 жастан асқан ардагерлер арасында бірінші орынға Николай Кирсанов ие болды. Берік Сералин мен Ғалия Баженова екінші және үшінші орынды өзара бөлісті. Бұдан бөлек, абсолюттік есепте Ельнур Зейнышев топ жарса, Ануар Төлегенов екінші орынға тұрақтады. Ал үздік үштікті Анжела Асқар түйіндеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Марапаттарды халықаралық төреші Ульяна Захарова, төреші Арман Қапаев және Шахмат үйінің директоры Мырзабек Матан табыстады.
Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сейітботал Успановтың айтуынша, мұндай жарыстардың аға буын өкілдері үшін маңызы ерекше. Олар зияткерлік белсенділікті сақтауға, пікірлес адамдармен араласуға, жастармен тәжірибе бөлісуге және сүйікті ойынға деген қызығушылықты жалғастыруға мүмкіндік береді.
Турнир шахматтың жас ерекшелігіне қарамастан, адамдарды ортақ қызығушылық төңірегіне біріктіретін ойын екенін тағы бір мәрте көрсетті.