Павлодар облысында жедел жәрдемнің жаңа қосалқы станциясы салынады

Павлодар облысында жедел жәрдемнің жаңа қосалқы станциясы салынады
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Тірек пункттері көбейіп, қолжетімділік арта түсуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірдегі жедел медициналық көмекті дамыту аясында республикалық маңызы бар автожолдардың бойында қосымша тірек пункттері ашылып, жаңа қосалқы станция салу көзделген.

Бұл туралы Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко мәлімдеді.

– Жоспарымыз көп. Қазіргі таңда Достық жаңа шағын ауданында жер телімін бөлу қарастырылып жатыр. Сол жерде жаңа қосалқы станцияның құрылысы басталады. Бұл қаланың қарқынды дамып келе жатқан бөлігінде тұратын тұрғындарға жедел медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады, – деді ол.

Сонымен қатар, өңірде жедел медициналық көмектің тірек пункттері желісі кеңейтіледі. Қазір олардың саны – сегіз. Олар республикалық автожолдардың бойында орналасқан және жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге «алтын сағат» қағидасы бойынша көмек көрсетеді.

Мұндай пункттер тек трассаларда ғана емес, дәрігерлік амбулаториялары жоқ жақын маңдағы шағын елді мекендердің тұрғындарына да қызмет көрсетеді.

– Тірек пункттерінің медицина қызметкерлері шақыртуларға 15-20 шақырым радиуста барады. Бұдан бөлек, медициналық көрсеткіштер болған жағдайда жедел коронарлық синдромы бар науқастарды, жүкті әйелдер мен балаларды облыс орталығына тасымалдайды, – деді станция басшысының орынбасары.

Ирина Мищенконың айтуынша, мамандар жедел медициналық көмек жеткіліксіз қамтылған аумақтарды анықтап қойған.

– Қазір тағы екі тірек пунктін ашуды жоспарлап отырмыз. Қызметтің қолжетімділігі жеткіліксіз аймақтарды толық қамтимыз, – деді ол.

Жаз мезгілі дәстүрлі түрде «103» қызметі үшін ең қарбалас кезең саналады. Аптап ыстық күндері, әсіресе демалыс және мереке күндері шақыртулар саны шамамен үштен біріне артады.

– Жұмыс күндері бізге 670-680 шақырту түссе, демалыс және мереке күндері олардың саны 850-860-қа дейін жетеді. Сонымен қоса, тұрғындар кеңес алу үшін де жиі хабарласады. Жаппай демалыс орындарында вирустық инфекциялар, әсіресе балалар арасында жиілейді, – деді Ирина Мищенко.

Дәрігерлер жүрек-қан тамырлары аурулары, артериялық гипертониясы бар, сондай-ақ инфаркт немесе инсульт алған адамдарға күннің ең ыстық уақытында ашық күн астында болмауға, қажетті дәрі-дәрмектер мен ауызсуды өздерімен бірге алып жүруге кеңес береді.

Қазіргі таңда өңірдегі жедел жәрдем қызметінде 109 санитарлық автокөлік пен 70 көшпелі бригада жұмыс істейді. Ертіс, Железин және Баянауыл аудандары сияқты шалғай өңірлерге резервтік санитарлық көлік қарастырылған. Барлық автокөлік реанимобиль деңгейінде жабдықталған. Оларда электрокардиографтар, дефибрилляторлар, мониторлар, өкпені жасанды желдету аппараттары, электрсорғыштар және медициналық оттегі қоры бар.

Тәулік бойы шақыртуларды он диспетчер қабылдайды. Жүктеме артқан кезде қосымша колл-орталық іске қосылып, облыс тұрғындарының өтініштерін жедел қабылдауға мүмкіндік береді.