Ақсу ауылдық аймағында қараусыз жүрген мал иесіне айыппұл салынды
Мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 қазан күні сағат 10.00 шамасында Ақсу қаласының полициясына Павлодар – Қызылорда автожолында, Қалқаман ауылы ауданында 34 бас ірі қара малдың бағусыз жүргені туралы хабарлама түскен.
– Көрсетілген мекенжайға келген полиция қызметкерлері малдың қараусыз жайылып жүргені белгілі болды. Таңбасы арқылы иесі анықталды. Мал жайылым орналасқан жерден 75 шақырым қашықтықта жүрді. Мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін иесі ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 3 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, – деді департаментте.
Павлодар полицейлері ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды бұзу ережелерінің алдын алу және жолын кесу бойынша тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Тәртіп сақшылары қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мал басының иелері тарапынан тиісті бақылаудың жоқ екенін айтуда.
Айта кету керек, ағымдағы жылы иесіз жүрген 1799 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.