Павлодарда сынақ зертханасы заңбұзушылық үшін айыппұл арқалады

Павлодарда сынақ зертханасы заңбұзушылық үшін айыппұл арқалады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тексеру барысында кейбір техникаларда уыттылықты төмендету жүйелерінің жоқтығы анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Тұлпар» автотехникалық құралдардың мамандандырылған сынақ орталығы» ЖШС-ні Қазақстан Республикасының аккредиттеу және техникалық реттеу саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін кінәлі деп таныды.

– Жоспардан тыс тексеру барысында ұйым HOWO маркалы автобетон араластырғыштар мен SHIFENG маркалы самосвалдарға міндетті сынақтар жүргізбестен көлік құралдарының конструкциялық қауіпсіздігі туралы куәліктерді (КҚКҚТК) рәсімдегені анықталды. Тексеру нәтижесінде көліктерде уыттылықты төмендету жүйелерінің (AdBlue сұйықтығын беруді бақылау жүйесі, сорғы және беру саптамасы) жоқтығы белгілі болды. Бұл Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті (КО ТР 018/2011) талаптарының бұзылуына жатады, – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз қызметі.

Сот «Тұлпар» орталығының іс-әрекеттерін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 415-1-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес саралап, 503 958 теңге көлемінде айыппұл салды. Қосымша шешіммен орталықтың № KZ.T.14.E0819 аккредиттеу аттестаты алты ай мерзімге, N2 және N3 санаттағы автокөлік құралдарын сынау бөлігінде тоқтатылды.

Сот шешіміне сәйкес, «Тұлпар» сынақ орталығы алты ай бойы аталған санаттағы көліктерді сынауға құқылы емес.