Ақтоғайда инфрақұрылым мен денсаулық сақтау саласы талқыланды

Ақтоғайда инфрақұрылым мен денсаулық сақтау саласы талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«AMANAT» партиясының өкілі Николай Дычко ауданға жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, іссапар барысында ол партияның аудандық филиалының активімен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында инфрақұрылымды жаңарту, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ауылдық округтердегі өмір сүру сапасын арттыру тақырыптары басты назарда болды.

Партия ардагері Шаяхмет Сәдуақасов ауылдарда орталықтандырылған жылыту жүйесін енгізудің маңыздылығын атап өтті. Ал аудандық аурухананың бас дәрігері Мәдина Сабырова ауылдық округтердегі медициналық пункттерді жаңарту бағдарламасын жалғастыруды ұсынды. Оның айтуынша, 68 миллион теңгеге ескі нысанды күрделі жөндеуден өткізгенше, жаңа ғимарат салу тиімді, себебі ол заманауи жабдықтармен қамтылып, шығын азаяды.

Сапар аясында Николай Дычко партияның аудандық филиалында болып, мәслихат депутаттарының алдағы қосымша сайлауларына дайындық барысын талқылады.

– Жергілікті жерлерде жұмыс жүргізу - партия қызметінің ажырамас бөлігі. Ең бастысы – халықты тыңдап қана қоймай, көтерілген мәселелерді шешу бойынша нақты шаралар қабылдау. Мұндай кездесулер бізге қосымша күш пен қолдау қажет бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді. Біз адамдардың жанында болып, көмек көрсетіп, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек, – деді Николай Дычко.

Кездесуде айтылған барлық ұсыныстар мен мәселелер облыстық филиалдың бақылауына алынды. Атқарушы хатшы алдағы уақытта да аймақ аудандарына сапарлар жалғасатынын, олардың мақсаты — партия мен халық арасындағы байланысты нығайтып, жергілікті проблемаларды шешуге нақты ықпал ету екенін атап өтті.