Павлодар облысының оқушылары халықаралық жобаның финалына өтті
Жобаның іріктеу кезеңіне барлығы 800-ден астам өтінім түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оның 500-і бірінші іріктеуден өтті, ал 200-і білім беру платформасына қол жеткізді. Олар көшбасшылық және жобаларды іске асыру курстарына қатысты. Жартылай финалдық кезеңде 50 қатысушы бақ сынады. Олар үшін Алматы тауларында көшбасшылық дағдыларды дамыту бойынша тренингтермен бес күндік лагерь ұйымдастырылды.
Финалға 37 оқушы жолдама алды. Оның ішінде облыстың үш оқушысы Рената Закирова, Нұрасыл Ахметсапар, Дарина Шмальцель inDrive IT-компаниясы ұйымдастырған Beginit by inDrive халықаралық жобасының финалистері атанды. Жоба қараша айында басталып, маусымға дейін жалғасады.
Финалистер «Мектепке қауіпсіз жол» жобасымен айналысады. Үйден мектепке дейінгі маршруттарын зерттеп, проблемаларды анықтайды, оның шешу жолдарын әзірлейді.
– Осы аптада мен ата-аналар комитетінің 200 қатысушысының алдында сөз сөйлеп, жол-көше ортасы мәселесін көтеретін боламын, – деді Дарина Шмальцель. – Менің оқу орныма барар жолда жаяу жүргіншілер мен көліктерге арналған жолды бөлетін шекаралар жоқ екенін байқадым. Оқушылармен сөйлесіп, карта құрастырып, жоба жасадым.
Жобаның финалы маусым айының басында Астана қаласында өтеді. Марапаттар ретінде оларға шетелге білім беру сапарлары, бітіру емтихандарына дайындық гранттары және компьютерлерді сыйға беріледі. Үздік қатысушылар Алматыдағы inVision U by inDrive инновациялық университетіне түсе алады.
Айта кетейік, Beginit by inDrive бағдарламасы аймақтардағы мектеп оқушыларына сапалы білім беру және көшбасшылық дағдыларды дамыту мүмкіндіктерін ұсынуға бағытталған. Жобаның жаңа маусымы 2024 жылдың қыркүйегінде басталады.