Ақтоғайлық кәсіпкерлер жұмысшыларына үй салып бермек
Ауданда тұрғын үй салуға инвесторларды тарту тәжірибесі жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов мәлім етті.
– Қараша айында Ақтоғайдағы ықшам аудандағы 24 пәтерлі үйге жаңа қоныстанушылар көшіріледі. Мердігер – «O Kay» ЖШС. Жобаның құны 370 миллион теңгеден асады. Үйлерді салынған қазандық пен коммуникацияға қосу үшін салып жатырмыз. Келесі көпқабатты үй Қайырбаев мектебінің жанынан, ал 2026 жылы аудандық аурухананың жанынан бой көтереді, – дейді аудан әкімі.
Жалпы ауданы 1,8 мың шаршы метрден асатын екі қабатты жаңа ғимаратта 12 бір бөлмелі, сегіз екі бөлмелі және төрт үш бөлмелі пәтер болады.
Ауданда тұрғын үйлер екі бағытта салынып жатыр. Оның бірі республикалық бюджеттен берілетін трансферттер бойынша кезекте тұрғандарға арналған. Екінші нұсқаны кәсіпкерлер өз қызметкерлеріне үй салып берсе, пайдалана алады. Шығындардың 50 пайызын мемлекет субсидиялайды. Бұл ретте үйдің құны он миллион теңгеден, ал ауданы 100 шаршы метрден аспауы тиіс.
Спикердің айтуынша, мұндай тұрғын үй салуға қазірдің өзінде сегіз өтінім қабылданып, биыл қаржыландыру күтілуде. Қазіргі уақытта ауданның 153 тұрғыны кезекте тұр.