Май ауданында Идият Бекболатұлына мемориалды тақта орнатылды

Идият Әбдіхалықовтың есімі Ертіс-Баян жұртына етене таныс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Май ауданының Көктөбе ауылындағы әкімдік ғимаратының қабырғасына өңірдің өркендеуіне ерекше үлес қосқан, өшпес із қалдырған азаматқа мемориалды тақта орнатылды.
Шараға қатысқан аудан әкімі Қадылжан Сәтиев қоғам қайраткері Идият Әбдіхалықовтың қоғам өміріне белсенді араласқанын атап өтті.
– Идият Бекболатұлы үлкен жүректі азамат еді. Ол қиын-қыстау заманда басшылық қабілетімен халықтың арасын жақындата білді, өзінің іскерлігімен, әділдігімен халықтың жадында қалды. Ел азаматының еліне сіңген еңбегі ешқашан ұмытылмайды, – деді Қадылжан Сәтиев.
Бозбала шағынан бірге өскен замандас достарының бірі – қоғам қайраткері Әбілхақ Түгелбаев 1999-2007 жылдары Идият Әбдіхалықов көші-қон және демография басқармасының басшысы болып жұмыс істеген кезеңде облысқа Моңғолия, Өзбекстан және Ресейден қандастарды қабылдау бойынша атқарған жұмысы жайлы еске алды.
– Идият Әбдіхалықов 34 жасында-ақ ауданда бірінші хатшы болған. Қандастарды елге қайтару ісіне етене араласып, ерекше көзге түскен. Соның нәтижесінде бүгінге дейін қандастарымыз ол кісінің игі істері туралы жылы еске алып, айтып отырады, – деді Әбілхақ Түгелбаев.
Май ауданының Құрметті азаматы Ришат Бектеміровтің айтуынша, осыдан үш-төрт ай бұрын аудан әкіміне мемориалды тақта орнату туралы ұсыныспен шығып, бұл бастамасы қолдау тапқан.
– Адамгершілігі мол, ел қадірлеп сыйлайтын, қара жерге қимайтын, өте байсалды, салмақты, әр нәрсені байыппен шешетін еді. Әкесімен бірге сыйлас, сырлас болдым. Көрші болып, араласып келдік. Менің анам мен Бекболаттың анасы, яғни Идияттың әжесі сырлас болған. Жастары шамалас болған соң әңгімелері жарасып тұратын. Ол кісілердің даналық сөздері әлі де есімде. Әкесі аңқылдаған ашық адам еді. «Ұяты, ары, иманы – бұл өмірде жиғаны, байлық деген өлшенбейді бұл жалғанда. Өмірде байлық деген – бойындағы иманы» деген сөздер осы азаматқа сай келеді, – деп ақсақал ілтипатпен еске алды.
«Құрмет» орденінің иегері, Павлодар облысы Ақтоғай және Май аудандарының Құрметті азаматы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Идият Бекболатұлы 1951 жылдың 8 қыркүйегінде Ақтоғай ауданы (бұрынғы Краснокутск ауданы) Харьковка ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген. 1968 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Семей зооветеринарлық институтына түсіп, оны 1973 жылы тәмамдаған. Еңбек жолын жас маман ретінде Краснокутск ауданының Спартак совхозы бөлімшесінде зоотехник болып бастаған. 1974 жылдың қарашасында Павлодар облыстық партия комитетінің аппаратына ауыл жастары бойынша инструктор ретінде қызметке шақырылды.
1976 жылдың шілде айында Май аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Кейін партиялық жұмысқа ауысып, облыстық және аудандық, мемлекеттік өнім өндіру және тапсыру бойынша бірнеше рет жеңімпаз атанған ірі совхоздардың бірі – Казанский партия комитетінің хатшысы болып сайланған. 1981 жылдан 1992 жылға дейін Май ауданы партиясы комитетінің хатшысы және аудандық халық депутаттары кеңесінің төрағасы болып еңбек еткен.
Павлодар облысы мәслихатының ревизиялық комиссиясының төрағасы, көші-қон және демография басқармасының басшысы болған. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Павлодар телерадио директоры, 2022 жылдан бастап Павлодар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Өнегелі әке, адал жар бола білген азамат жұбайы Нұржиянмен бірге үш бала өсіріп, олардан жеті немере сүйген.