Монополистер Ертіс суын пайдаланғаны үшін қанша төлейді
Оған облыс бойынша 109 кәсіпорынның рұқсаты бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы мәслихатының кезектен тыс сессиясында өңір бойынша жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін 2024 жылға арналған төлемақы мөлшерлемелері бекітілді.
Облыстың жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаеваның айтуынша, Ертістің суын өнеркәсіптік кәсіпорындар ең көп пайдаланады – олардың есебінде жылына 2,2 текше километр.
- Жалпы Павлодар облысы үшін Ертістің барлық су ресурстарының 10 проценті немесе 3,6 текше километр су көлемі лимиті бекітілген. Арнайы су пайдалану, яғни кәсіпорындарға арналған режим ақылы түрде жүзеге асады. Сондықтан 2024 жылға арналған ставкалар әзірленді, - деді Айгерім Қабылтаева.
Тұрғын үй-эксплуатациялық және коммуналдық кәсіпорындар биыл судың әрбір мың текше метріне 208 теңге 41 тиын төлейді, өндіріс – 1197 теңге 56 тиын, ауыл шаруашылығы – 337 теңге 43 тиын, тоған шаруашылықтары – 337 теңге 43 тиын, су көлігі – 46 теңге 31 тиын.
Депутаттар аталмыш ұсынысты қолдап шықты. Былтыр су пайдаланғаны үшін кәсіпорындардан 630 миллион теңге түскен, биыл олардан Ертіс суы үшін 691 миллион теңге өндіру көзделуде.