Аққулы ауданында жол жөндеумен айналысқан мердігер ереже бұзған

Аққулы ауданында жол жөндеумен айналысқан мердігер ереже бұзған
Фото: Жол активтері сапасының ұлттық орталығынан

Жақын күндері ол кемшіліктерді түзетуі тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының мамандары «Арнайы Құрылыс компаниясы» ЖШС-нің жұмысына бірқатар ескерту айтты. Аталған кәсіпорын аудандық маңызы бар «Аққу – Қазы – Майқарағай» автожолының 31,7–34 шақырым аралығында орташа жөндеу жүргізіп жатыр.

– Бір айдан астам уақыт бұрын мұнда суық ресайклинг әдісімен жолдың негізі төселді, – деді орталық филиалының сапа және мемлекеттік есеп бөлімі басшысы Қуат Нұрмағамбетов. – Бұл – ескі жол жамылғысын қайта өңдеп, оған байланыстырғыш материалдар қосу арқылы жасалатын заманауи технология. Алайда біздің сапа тексерісі барысында жол негізінің бүкіл бойында бұзылу белгілері анықталды.

Мамандар жолда қауіпті ақауларды байқаған: ой-шұңқырлар, негіздің қабаттанып кетуі, жол жиегіне инертті материалдардың шашырауы және қабаттың монолиттігінің бұзылуы.

Мұндай жағдай жол учаскесінде көлік қозғалысы үздіксіз жалғасып тұрғандықтан орын алған. Ал норматив бойынша жөндеу аяқталғанша жол толық жабық болуы керек еді.

Сонымен қатар, мердігер компания ресайклингтен кейін 48 сағат ішінде асфальт төсеп үлгеруі тиіс болған.

– Бұл да техникалық талаптарды өрескел бұзу болып саналады, – дейді Қуат Нұрмағамбетов. – Бүгінгі күні асфальт төсеу жұмыстары әлі басталмаған. Ал жол негізі шамамен 2 маусымда төселген болатын.

Бөлім басшысының айтуынша, мұндай кемшіліктер жол сапасы мен оның ұзақ мерзімділігіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

Осыған байланысты жол активтері сапасының ұлттық орталығының филиалы тапсырыс беруші мен мердігерге жолдағы ақауларды жою және асфальтбетон төсемін жедел түрде орындау туралы ресми хат жіберген.