Павлодарда зағип жандарға арналған кітапхана күрделі жаңғыртудан өтті
Ғимаратта екінші қабат пайда болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Асайын Байханов зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханаға барды.
Кітапхана ғимараты 1970 жылы салынған және осы уақытқа дейін бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Өткен жылы мұнда алғаш рет ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ғимаратқа екінші қабат қосылып, кеңістік айтарлықтай кеңейді. Кітапхана заманауи әрі келушілерге ыңғайлы бола түсті.

Қазіргі таңда кітапханада қызмет көрсетудің жаңа технологиялары енгізілген: электронды оқырман билеттері, кітаптарды беру жүйесіне арналған заманауи жабдықтар және жаңартылған компьютерлік техника. Стационарлық компьютерлердің орнына арнайы бағдарламалар орнатылған ноутбуктер пайдаланылуда.
Зағип оқырмандар үшін қолжетімділікке ерекше көңіл бөлінген. Мұнда мәтінді Брайль қарпіне автоматты түрде аударып, бірден басып шығаратын арнайы принтер орнатылған. Сонымен қатар көру қабілеті бұзылған адамдарды компьютерлік сауаттылыққа үйретуге арналған дисплей бар.

– Сондай-ақ кітапханада дыбыс жазу студиясы жұмыс істейді. Мұнда шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен аудиокітаптар жазылады. Жылына орта есеппен алты-сегіз аудиоөнім шығарылады, – деді кітапхана директорының орынбасары Әсем Нұрғалиева.

Жаңғырту жұмыстарынан кейін кітапханада жаңа аймақтар ашылды: мерзімді басылымдар залы және балаларға арналған креативті кеңістік. Бұл алаң әсіресе демалыс және каникул уақытында белсенді пайдаланылады.
Кітапханада 12 қызметкер жұмыс істейді. Жыл сайын мұнда шамамен 25 мың адам келеді, ал тұрақты оқырмандар саны екі мыңға жуық. Олардың жүзге жуығы – зағип жандар. Мекеме жақын маңдағы мектептер мен шағын аудандарға да қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, зағип жандарға арналған арнайы құрылғылар өте қымбат болғандықтан, олар тек кітапхана ішінде пайдаланылады және үйге берілмейді.