Павлодар облысында жиналмаған қар көлік қозғалысын қиындатты
Ұзындығы 36 шақырымға созылатын учаскеде қар жиналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, ведомство еріктілері Павлодар және Успен аудандарын жалғайтын Рождественка - Павловка автожолының учаскесінде жолдан жиналмаған қарды анықтаған. Ұзындығы 36 шақырымға созылатын бұл учаскеде қардың жиналуы және көктайғақ пайда болды, бұл көлік құралдарының қозғалысын қиындатуда.
Аталған бұзушылықтарды еріктілер облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында қарды уақтылы және сапалы жинау мәселелері бойынша қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде анықтады.
– Жыл сайын жергілікті атқарушы органдарға бюджеттен қар тазалауға жеткілікті қаражат бөлінеді, алайда мемлекеттік органдар басшылары тарапынан тиісті бақылаудың болмауына және жауапты лауазымды тұлғалардың немқұрайлылығына байланысты ауыл тұрғындары өз өмірлерін қатерге тігіп, қар басқан жолдармен жүріп, қолайсыздықтарға төтеп беруге мәжбүр, – дейді жемқорлыққа қарсы еріктілер.
Еріктілер уәкілетті мемлекеттік органдардың атына жолдың көрсетілген учаскесінде қарды дереу тазалау бойынша өтініштер жолдады.