Аққулыда мектеп жанынан «Адалдық дүкені» ашылды

Аққулыда мектеп жанынан «Адалдық дүкені» ашылды
Фото: Аудандық білім бөлімінен

Дүкен сатушысыз қызмет етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық білім бөлімінің мәлімдеуінше, аталмыш дүкен Аққулы ауданның барлық мектептерінде ашылды.

- Мұндағы мақсат - жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары сананы, мәдениетті дамыту, сонымен қатар ішкі парасаттылықты арттырып, адалдыққа тәрбиелеу және бір-бірімізге деген сенімді қалыптастыру, қоғамдағы жемқорлықпен күресуде жастарды шыншылдыққа тәрбиелеуді көздейді. Дүкен жаңа оқу жылының бірінші күннен бастап ашылды, - делінген хабарламада.

«Адалдық дүкенінде» ұстаздар мен оқушылар өздеріне қажетті заттарды алып, алынған тауар үшін ақшаны кассалық жәшікке қалдырып, есеп айырысады. Яғни, дүкенде сатушы жоқ, затты сатып алушылар өз-өздеріне қызмет көрсететін болды.

Ашылу салтанатына қатысқан оқушылар мен ата-аналар өз таңданыстарын жеткізіп, жастарға білдірілген сенім үшін ұйымдастырушыларға, мектеп ұжымына ризашылықтарын білдірді.