Баянауыл ауданының «супер келіні» анықталды
Наурыз мерекесіне орай аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен педагог қызметкерлер арасында «SUPER келін 2023» байқауы өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ұйымның мәлімдеуінше, байқауға 20-35 жас аралығындағы әйел адамдар қатысуға мүмкіндік алған. Әр мекемеден бір педагогтен барлығы 18 адам қатысқан.
- Байқаудың мақсаты - жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, келіннің отбасындағы рөлін арттыру, туыстар арасындағы байланысты нығайту, жастарды ұлттық салт-дәстүр рухында тәрбиелеу. Ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты келіннің орны ерекше екендігін, отбасының ұйытқысы екендігін ұғындыру, - деді ұйымдастырушылар.
Бақ сынаушыларға алдымен өздері және отбасы туралы таныстырса, үй тапсырмасында ұлттық тағам дайындап келіп, жасалу жолын түсіндірді. Келесі бөлімде қамыр жайып жарысты. Бұнда шапшаңдығы мен қамырдың сапасы бағаланды. Төртінші бөлімде қазақ халқының дәстүрлеріне байланысты сұрақ-жауап сайысы өтті. Соңғы бөлімде келіндер өз өнерлерін көрсетті (ән айту, би билеу, көркем сөз т.б).
Қазылар алқасында ардагер ұстаз, Баянауыл ауданының құрметті азаматы Нескен Маликова мен өнер мектебінің ұстазы Бибігүл Макарова болды.
Сайыс қорытындысы бойынша «SUPER келін» номинациясын Ә.Марғұлан атындағы мектептің тәрбиешісі Шынар Қасенова жеңіп алды. Ж.Аймауытов атындағы мектептің мұғалімі Арайлым Ахметова «Мейірімді ана», З. Ақышев атындағы мектептің мұғалімі Гүлзат Какен «Шебер келін», Ш.Айманов атындағы мектеп-интернатының мұғалімі Гүлсімай Сайрамбек «Өнерлі келін», Майқайың кенті сәбилер бақшасынан Айзагүл Әкімбек «Көрермендер көзаймы» номинацияларына ие болып, дипломдар және бағалы сыйлықтарға ие болды. Қатысушылардың барлығына да сыйлық берілді.