Аққулыда қыздар әдепті, өнегелі болып өсуге ынталы

Аққулыда қыздар әдепті, өнегелі болып өсуге ынталы
Суретті Аққулы ауданының білім бөлімі ұсынды

«Аққу» клубы мектеп жасындағы қыз балаларға тәрбие беруде  маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы аудандық білім беру бөлімінің әдіскері, «Аққу» қыздар клубының жетекшісі Әсем Оспанованың айтуынша, клубтың мақсаты  – өңіріміздегі жалпы білім беретін мектептерінің 12-17 жастағы жасөспірім қыздарды біріктіру және оларды өзін-өзі жетілдіруге, жеке тұлғаны дамытуға, салауатты өмір салтын, отбасындағы алатын орны жайлы түсінік қалыптастыруға, ұлттық дәстүрлерді зерделеуге бағытталған.

–   «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы ұлттық құндылықтарға негізделген әрі балалардың бойына құндылықтарды сіңіруге бағытталған, – дейді Әсем Оспанова.

Жетекшінің сөзінше, мектептегі әрбір қыз баланы ибалылықты сақтауға баулып, адамгершілік, имандылық, эстетикалық қасиеттерді тәрбиелейді, ептілік пен шеберлікке, өнерге баулиды.

–   Гигиеналық жағынан қыз балаларға жыныстық жетілу кезеңінде өздерінде болып жатқан физиологиялық және психоэмоционалдық өзгерістерді түсіндіріп, жеткізе білу маңызды, – дейді ол.

«Аққу» клубында қыздарға сырға, шаш бау, бас киім секілді бұйымдарды жасап үйретеді, алтын құрсақты аналармен кездесулер ұйымдастырылып, педагогтар мен медицина қызметкерлері  өз ақыл-кеңестерін береді.

Айта кетейік, аталмыш клуб ауданда 2023 жылы құрылған. Өткен жылдың желтоқсан айында клубтың бастамасымен А.Баймолдин атындағы мектепте «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Даналық мектебi» шеңберінде «Анаға қарап, қыз өсер!» тақырыбымен «Аналар мектебі» ашылды.