Павлодарлық жастар оқитын үздік бес кітап анықталды

Павлодарлық жастар оқитын үздік бес кітап анықталды
Фото: Константин Шелков

Соңғы уақытта қазақ жазушыларының шығармалары сұранысқа ие, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Үздік шығармалар С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мамандары жасаған сараптама нәтижесінде белгілі болды. Қыз-жігіттер сүйіп оқитын әдебиеттер қатарында Жамбыл Артықбаевтың «Баянауыл» прозасы, Аслан Қуанышұлының «Кішкентай» повесі, Қадыр Мырза Әлидің «Иірім» эсселер жинағы, Мағаз Разданұлының «Ата заман сөйлейді» әңгімелер жинағы және Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» романы бар.

Кітапхана директорының орынбасары Баршагүл Байжановның айтуынша, жас оқырмандардың бұл еңбектерді таңдаудағы негізгі себебі – шығармалардың қызықты сюжетінде. Мәселен, Жамбыл Артықбаевтың «Баянауыл» прозасында өңірдің тарихы, табиғаты мен тұлғалардың өмірі ғылыми әрі деректі түрде баяндалады. Ал Аслан Қуанышұлының «Кішкентай» повестінде ауыл өмірі мен отбасы арасыдағы сезімдерді бейнелейді. Жоғары сұранысқа ие еңбектердің қатарында жеке бастың дамуы, бизнес бағытындағы психологиялық құралдар да жетерлік.

- Күн сайын мұнда 100-120 тұрақты оқырман келсе, жалпы келушілер саны 600–700 адамға дейін жетеді. Бізге көбіне жастар келеді. Олар тек оқуға ғана емес, уақыттарын тиімді өткізуге мән береді. Кейде оқырмандар кітапхана жабылар алдында да келіп жатады, - дейді Баршагүл Байжанова.

Оқырмандардың басым бөлігі оқырмандар залы мен абонемент бөліміне келеді. Әсіресе, студенттер мен оқушылар белсенді. Мамандардың айтуынша, демалыс күндері оқу бөлмесінде орын табу қиындайды. Келушілер түскі уақыттан бастап кешке дейін, тіпті жабылатын мезгілге дейін отырады.

- Десе де, біз әрдайым қызмет көрсетуге дайынбыз. Кітапхана қорында қазақ және шетелдік авторлардың еңбектері жетерлік. Мекеме ішіндегі үшінші қабатта орналасқан халықаралық әдебиеттер залында 50-ден астам шет тіліндегі кітаптар бар. Соның ішінде Абай шығармалары бірнеше тілде қолжетімді. Бұл бөлім де жастардың сұранысына ие, - дейді Баршагүл Байжанова.

Аталмыш мекеме қызметкерлері тек кітап берумен ғана шектелмей, мәдени және ағартушылық, ойын-сауық, ғылыми, тіпті, коворкинг кеңістігінің қызметін де ұсынады. Содан болар, кітапхана бөлмелері оқырмандардан босамайды.

Павлодарлық кітапханашылардың айтуынша, басты мақсат – оқырман санын арттыру ғана емес, қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты дамыту.