Білім грантын тағайындау комиссиясы өз жұмысын аяқтады
Бүгін мемлекеттік білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комиссия құрамындағы білікті де кәсіби әлеуеті жоғары түрлі сала сарапшылары табанды еңбек етіп, ауқымды жұмыс жасай білді.
Осы ретте биылғы комиссия сапында Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен бiлiм саласы кәсiподақтарының жетекшілері және «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасының, жоғарғы оқу орындары қауымдастығының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды.
Енді талапкерлердің ҰБТ-да жинаған балдарына және бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық негізде білім гранттары тағайындалады.
«Сапалы және қажырлы қызметі үшін комиссия мүшелеріне шексіз алғысымды білдіремін. Биыл білім грантын тағайындау конкурсына қатысуға 94 мыңнан астам өтінім берілді. Талапкерлердің басым бөлігінің таңдауы «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыттарындағы мамандықтарға түсті», - деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Конкурстық ірiктеудiң қорытындысы Ғылым және жоғары бiлiм министрлiгiнің интернет ресурсында, Telegram арнасында және ведомствоның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында 10 тамызға дейін жарияланады.
Ал жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызда аяқталады.