Павлодарда дәрігерлер аяғы ауырған науқастың қан айналымын қалпына келтірді

Павлодарда дәрігерлер аяғы ауырған науқастың қан айналымын қалпына келтірді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Екібастұз тұрғыны күрделі емнен кейін қайтадан еркін жүре бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, қалалық №1 ауруханасында аяқ тамырлары бітелген науқасқа баллонды ангиопластика жасалды. Бұған дейін ер адам аяғы қатты ауырып, 20–30 метрден артық тоқтамай жүре алмаған.

Науқастың айтуынша, алғашқы тексеруден Екібастұзда өтіп, кейін жоспарлы ем алу үшін Павлодарға жолдама алған.

– Мен Екібастұз қаласының тұрғынымын. Сол жерде хирург тексеріп, порталға тіркеді, квота берілді. Павлодарға оң жақ балтырым қатты ауырып келдім. Ота сәтті өтті. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Ешқандай ауырсыну сезбедім, – деді науқас Рамазан Скаков.

Қан тамырлары хирургі Нұржан Асылхановтың айтуынша, науқастың екі аяғындағы қан тамырлары бітелген. Әсіресе оң жақ аяқтағы қан айналымы қатты бұзылған.

Дәрігерлер ангиографиялық қондырғының көмегімен баллонды ангиопластика жасаған. Бұл әдісте сан артериясы арқылы арнайы өткізгіш пен баллонды катетер енгізіліп, бітелген тамырдың саңылауы кеңейтіледі. Ота үлкен тілік жасамай және жалпы наркозсыз жүргізіледі.

– Операция сәтті өтті. Қазір науқас аяғына толық салмақ түсіріп, еркін жүре алады. Мұндай оталардың құны бір миллион теңгеден асады. Алайда біздің азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында оларды тегін алады, – деді Нұржан Асылханов.

Қазір науқас оңалту кезеңінен өтіп жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын бақылап, емін жалғастыруда.