Білім мен зайырлылық басым бағыт: Павлодарда Конституция жобасы талқыланды

Білім мен зайырлылық басым бағыт: Павлодарда Конституция жобасы талқыланды
Фото: автор

Павлодарда Қазақстан Конституциясының жаңа жобасы талқыланып, онда білім мен ғылымның рөлі күшейтіліп, азаматтардың цифрлық құқықтары мен мемлекеттің зайырлы сипаты нақты бекітілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетінің проректоры, профессор Сәуле Әубәкірова жаңа Ата Заңның басты бағыты адам әлеуетін дамыту екенін айтты.

- Білім, ғылым, мәдениет пен инновация елдің ұзақ мерзімді дамуының негізгі тірегіне айналып отыр. Азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма Конституцияда алғаш рет бекітілді, — деді ол.

Жоба аясында цифрландыру мәселесіне ерекше мән берілген. Сонымен қатар құжатта Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі ұстанымы сақталған.

- Дін мемлекеттен бөлек, ал діни ұйымдардың қызметі заң аясында жүзеге асырылуы тиіс, бұл қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді, — деді Сәуле Әубәкірова.

Естеріңізде болса, Достық үйінде облыс әкімінің төрағалығымен конституциялық реформаны талқылауға арналған аймақтық кеңес өтті. Облыс әкімі Асайын Байханов бұл қадамның тарихи маңыздылығын атап өтті.