Баянауыл тұрғындары көшелердің жолдарына жасанды кедергі орнатуды сұрады

Сонымен қатар, Сабындыкөл жағажайын абаттандыру жұмыстары қолға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімі Ардақ Кісентаев І жартыжылдықтағы халықпен тұрақты кездесуін Баянауыл ауылдық округімен аяқтады.
– Аудан орталығында биылғы жылы ауқымды құрылыстар, абаттандыру жұмыстары қолға алынған, – деп хабарлады Ардақ Кісентаев Instagram парақшасында.
Әкімнің айтуынша, спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, 8,5 км ішкі жолдар, Шонай ауылында су құбырының құрылысы, инвестициялық жобалар кестеге сәйкес атқарылуда.
Одан бөлек, көше жарығын салу, Сабындыкөл жағажайын абаттандыру жұмыстары да халықтың игілігі үшін қолға алынды.
– Жиында тұрғындар балабақша, жол және жарық мәселелерін қозғады, – деді ол.
Орталық көшедегі балабақшаға дренаждық жүйе жасау үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалып, сараптамаға тапсырылды. Алдағы уақытта шешімін табады.
Тұрғындар белгілі бір көшелердің жолдарына жасанды кедергі орнатуды сұрады. Әкім аудандық полиция бөлімінің жол инспекциясына қажеттілікке байланысты қорытынды беруді тапсырды.
Аудан басшысы жиында қойылған барлық мәселелер бойынша кезең-кезеңмен жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.