Биыл Павлодарда 20 шақырымнан асатын жаяу жүргіншілер жолы салынады
Жұмыстар облыс орталығындағы жиырмаға жуық аумақта жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді.
— Биыл облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен Павлодар қаласында 17 учаскеде жалпы ұзындығы 20 шақырымнан асатын жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін оның 7 учаскесінде жұмыстар толық аяқталып, қалған бөліктерінде дайындық кезеңі жүргізілуде, - деді ол.
Шаһар басшысының айтуынша, ең алдымен, тротуарлар бұрын мүлде болмаған аумақтарға басымдық бере отырып салынып жатыр. Сонымен қатар, тұрғындардың өтініштері негізінде де тиісті жұмыстар қатар атқарылуда.
Әкім жауапты мамандарға қала аумағындағы қолданыстағы жаяу жүргіншілерге арналған жолға жан-жақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Осының нәтижесінде аталмыш жолдарды жаңарту мен жөндеу жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы қозғалыс ортасын қалыптастыру көзделуде.