Павлодарлық студент: Мені қазақ мектебіне әжем берді
Анастасия Костеева Ресей елінің Липецк қаласында дүниеге келген, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Екі жасында отбасымен Май ауданына қоныс аударған. Бүгінгі таңда Торайғыров университеті журналистика факультетінің үшінші курсын бітірген.
– Біздің отбасымызда менен басқа ешкім қазақ тілінде сөйлемейді. Қазақ тілін Май ауданында үйрендім. Ол жерде 5-сыныпқа дейін білім алдым. 3-сыныпқа дейін біраз қиын болды. Бұған қоса, ол кезде интернет те болған жоқ. Әжем екеуміз сөздік қолданып, сабақ қарайтын едік. Кейін Курчатов қаласындағы № 4 мектепті қызыл аттестатқа бітірдім. Негізі әжем өз елінің патриоты десем болады. Менің қазақ тілінде білім беретін мектепке барғанымды қалаған да сол адам, – дейді Анастасия Костеева.
20 жастағы студент мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде түрлі конкурстарға қатысқан. Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен өлеңдерін жатқа біледі. 2018 жылы Алматы қаласында өткен Абай оқуларында қара сөздер бойынша 300 оқушының ішінен топ жарып, бірінші орын алған.
– Өзім оқыған шығармалардың ішінде «Еңлік-Кебек» трагедиясы ерекше есімде қалды. Бұл туынды жүрекке тиеді, – дейді ол.
Сондай-ақ ол мемлекеттік тілді білудің өмірде көптеген артықшылығы бар екенін айтады.
– Адам баласы жақсы жетістіктерге жетуі үшін бірнеше тілді меңгеріп, білімді болуы өте маңызды. Себебі, көкірек көзі ашылып, өмірінің көкжиегі кеңейеді. Көп адамдар мені қазақ тілін жақсы меңгерген деп ойламайды. Өзім жайлы жақсы немесе теріс пікір айтылып жатқан кезде бірден диалогқа араласып кетемін. Сол кезде көбі таң қалып жатады. Жалпы достарымның көбі мені «көккөз» деп атайды, – деп күледі.
Анастасия Костеева мемлекеттік тілді үйрену үшін қазақ тілінде сөйлейтін ортамен көбірек араласуға кеңес береді.
– Негізі кішкентай кезінен бастап тіл үйренген жеңіл болады. Дегенмен қазіргі таңда қанша тегін курстар бар, бәрі қолжетімді. Отбасымызда екі бала: мен және сіңлім. Әжем менімен бірге қазақ тілін үйрене бастаған, бірақ қазіргі күнде кейбір сөздерді ғана біледі. Бұйырса, жоғары оқу орнын аяқтаған соң жақсы жұмысқа тұрып, өз ісінің шебері атанғым келеді, – дейді студент.