Баянауыл ауданында Алаш қайраткерінің мерейтойына орай белгітас орнатылды

Баянауыл ауданында Алаш қайраткерінің мерейтойына орай белгітас орнатылды
Фотосурет ұйымдастырушылардың рұқсатымен

Биыл әйгілі жерлесіміздің туғанына 135 жыл толып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Сонау аумалы-төкпелі заманда жерлесіміз Жүсіпбек Аймауытовтың ұлт мүддесі жолында атқарған істері аз емес. Соның бірі 1921 жылы Семей губерниясында оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда оның ықпалымен Баянауыл жерінде ашылған «Мәдени кіндік» білім ошағы. Бұл қазақ даласындағы жұттан халық аштыққа ұшыраған кезең еді. Ел-жұрт босып, жетім қалған балалар көбейіп, оларды жергілікті бас көтерер азаматтар Жүсіпбектің айтуымен Қызылтау өңіріне жинайды. Ж.Аймауытов және онымен пікірлес ел азаматтары Қызылтау маңында «Мәдени кіндік» деп аталатын білім ошағын салуға бел буады. 1921 жылы Алаш ардақтысы жергілікті төрт рудың ірі байларының қаржыландыруымен әлгі жерге әуелі бастауыш мектеп салуға ұйытқы болады. Кейін қыздар мен ер балалардың бөлек жатақханалары, асхана, бірнеше қойма, жертөле қойма, «қызыл отау», дәрігерлік пункт, әкімшілік ғимарат және атқора тұрғызылады. Білім беру кешені шамамен 1929 жылға дейін жұмыс істеп тұрған деген дерек бар.

16 тамыз күні сағат 17:00-де Ертіс-Баян өңірінің әйгілі перзенті, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов негізін салған тарихи мекен – «Мәдени кіндік» рухани тәрбие және білім беру кешеніне белгітас орнату рәсімі өтті.

«Мәдени кіндік» мекеніне белгітас қою идеясын Ж.Аймауытовтың аталас туысы, баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев алғаш көтерді.  

Бүгін басымызды қосып, шараға келіп отырған себебіміз – Жүсіпбек Аймауытовтың ықпалымен Баянауыл жерінде ашылған «Мәдени кіндік» білім ошағы. Осыдан бес жыл бұрын бастама көтерген едік, соның арқасында бүгінде осындай шаралар жасалуда. Былтыр келіп, Бұқар жырау атындағы мұражайдың директоры және ғылыми қызметкерлердің бастауымен макет жасалды, арнайы түсірілімдер түсірілді. Сол кісілердің  ұйымдастыруымен қаржы жиналды. Бүгінгі белгітас сол адамдардың көмегімен көтерілді. Қалған жұмыстар аудан әкімі және оның орынбасарының көмегімен жасалып отыр. Ел азаматтары жабылып, іс-шараны бүгінгі дәрежеге жеткіздік. Серік Барлыбайұлы бастап келген ауыл, аудан, облыс әкімдері осы шараға мән беріп келіп отыр. Барлық атсалысқан жандарға елдің және туысқандардың атынан алғысымды білдіремін, – деді ол.

Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры демеуші азаматтарды үйлестіріп, белгітас солардың қаржысына қойылып отыр.

Соңғы кезде біз осы жер, елді мекендерді аралап, әдебиетке, өнерге қатысты адамдардың өміріне, шығармашылығына қатысты жәдігерлерін жинақтап жүрміз. Қазақтың бір туары, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығы жеке болса да, қоғамда атқарған ісі, еліне, халқына, туған жерге деген өзінің сүйіспеншілігі, бір үлкен дара ісі – бұл осы ауыл. Былтыр соның орнына келіп, зерттеп, түгендеп, біліп, музейде Жүсіпбек атамыздың 135 жылдығына орай дөңгелек үстел өткізген едік. Рамазан ағаның ұйытқы болуымен, демеушілердің арқасында бүгін белгітасты қойып отырмыз. Қалған жұмыстарды Баянауыл ауданының халқы жасап отыр. Бүгін мерейтойға арнайы үлкен киіз үй тігіп, Жүсіпбек атамыздың жеке заттарымен, соның ішінде ең үлкен жәдігері – медреседе оқыған Құран кітабын қойып көрме ұйымдастырып отырмыз. Сол секілді Мерейтойға орай Жосалы ауылында Ж.Аймауытов театры қойылым қойып отыр. Енді «Мәдени кіндікті» қолға алғаннан кейін осы мекенді тарихи, рухани орданың орталығы қылу, оны қоршау, жөніне келтіруді көздеп отырмыз, – деді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Ербол Қайыров.

Ж. Аймауытов атындағы театрдың директоры Арман Темірбектің айтуынша, Ертіс-Баян өңірінде Алаш қайраткерінің 135 жылдығына орай ауқымды шаралар жан-жақты өтіп жатыр. 

– «Мәдени кіндікке» белгітас орнату – тарихи оқиға десек те болады. 20-25 қыркүйек аралығында Жүсіпбек Аймауытов атамыздың мерейтойына орай Ертіс-Баян өңірінде үлкен той, театр фестивалі болады. Қазақстанның түкпір түкпірінен 11 театр қатысады. Мерейтой аясында театр әртістері Жүсіпбек атамыздың  ауылына келіп, халыққа сый ретінде балаларға және ересектерге арнаған қойылымдарын қоюды жоспарлауда, – деп сендірді ол.

Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов халықты орнатылған белгітаспен шектелмей, Жүсіпбек Аймауытовтың жұмыстарын әрі қарай зерттеп, деңгейін көтеруге шақырды.

– Жүрегімізде иман болғаннан кейін ағартушы болу, мешіт, медресе, мектеп салу болашаққа деген көңілдің дұрыс екендігін көрсетеді деп ойлаймын. «Мәдени кіндік» – Жүсіпбек атамыздың бізге қалдырған мұрасы. Оны әрі қарай дамыту, деңгейін көтеру – біздің парыз. Бүгінгі мерейтой құтты болсын, еліміз аман болсын, ертең осында үлкен іс-шара өтеді. Тек Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы ғана емес, Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы да бар, одан кейін Шәкен Аймановтың да тойы бар. Сондықтан біз бір мерейтоймен шектеліп отырған жоқпыз. Өңірдің барлық зиялыларына арналған той болып жатыр. Осындай еліміздің ұлы азаматтарының есімі елде қалады деген ойдамын, – деп атап өтті спикер.

Іс-шараны Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұйымдастырды.