Баянауыл көлдеріне биыл бірінші рет ақмарқа балықтары жіберіледі
Бұл балықтар қамыстың өсіп кетуін бейтараптандыруға және алдын алу үшін таңдалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы жануарлар дүниесі бөлімінің басшысы Жасұлан Жұмашев өңірдің балық ресурстарының биоалуантүрлілігін жақсарту шеңберінде жыл сайын су айдындарын балықтандыру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Ағымдағы жылы 51 мың дана, атап айтқанда, ақмарқа және тұқы тұқымдасын жіберу жоспарланып отыр.
– Биыл Баянауыл резерватының су қоймаларына, атап айтқанда, Торайғыр мен Сабындыкөл су қоймаларына назар аударатын боламыз. Олардың ішінде Торайғыр көліне 10 мың ақмарқа, Сабындыкөл көліне 38,6 мың ақмарқа жіберілетін болады, – деді Жасұлан Жұмашев.
Бөлім басшысы балықтың бұл түрі кездейсоқ таңдалмағанын айтады. Дәл осы балықтарды жіберу қажеттілігі бойынша ұсыныстарды арнайы ғылыми ұйымдар ұсынған.
– Соңғы жылдары бізге бұл көлдерді қамыс басып кету фактілері бар екендігі туралы хабарлама келді. Ақмарқа балығы табиғи мелиоратор болып саналады. Сондықтан қамыстың өсіп кетуін бейтараптандыру және алдын алу үшін таңдалды, – деді спикер.
Аталмыш балықтың тағы бір ерекшелігі – ол көбейе алмайды, тек мелиорация үшін жіберілмек. Ол өз жұмысын екі жыл уақыт ішінде жүргізеді, содан кейін әуесқой балықшылар аулай алады. Яғни, олар оны толығымен аулағанға дейін ғана болады. Бұл ретте, олар басқа балық түрлеріне ешқандай бәсекелестік туғызбайды.
Жіберілетін бір жылдық балықтардың салмағы – 100 граммға дейін. Олар Ақсу қаласындағы Ребровка ауылында өсірілген.
Балықтандыру жұмыстарын Баянауыл ұлттық саябағы да қадағалайтын болады. Сонымен қатар, олардың өсу деңгейін бақылау үшін әуесқой балық аулау жұмыстары жүргізіледі.