Баянауыл мен Ертіс аудандарында шөп өртенді
Әзірге себептері белгісіз, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Баянауыл ауданының Қаратомар ауылынан 45 шақырым жерде құрғақ шөп өртенді. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен Қаратомар, Құндыкөл, Жаңатілек ауылдарының өрт сөндірушілері шықты. Ерікті өрт сөндірушілер де қосылды. Барлығы алты техника мен 18 адам, сондай-ақ әуе күштері жұмсалған.
– Өрт сөндірушілердің жедел жұмысының нәтижесінде тілсіз жау сағат 18:30-да сөндіріліп, орман қорына жеткен жоқ. Сол күні Ертіс өзенінің жайылмасында өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Үш ошақта отта құрғақ шөп өртенді, – дейді департаментте.
Жергілікті атқарушы билік пен Урлітүп орман шаруашылығының көмегімен өрт 4,5 сағаттың ішінде сөндірілді. Барлығы 26 адам мен төрт техника жұмылдырылды.
Екі жағдайда да өрттің шығу себебі анықталуда.