Павлодарда ҚХА-ның жас өкілі Президенттің Жолдауындағы басты тұстарды атап өтті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының жастармен жұмыс жөніндегі маманы, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдігінің жауапты хатшысы Эльдар Захаров Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген маңызды мәселелерге тоқталды.
Оның айтуынша, Президенттің «қазір – цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірі» деген сөзі ерекше есте қалған.
– Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Мәселен, «Алатау Сити» жобасында криптовалюта мен жасанды интеллект негізінде жаңа заманауи қала құру жоспарлары айтылды. Мұндай бастамалар еліміздің инновациялық болашағына жол ашады, – деді Эльдар Захаров.
Сонымен қатар, ол Жолдаудағы патриотизм тақырыбына назар аударды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың азаматтық жауапкершілігіне тоқталды. Шынында да, бүгінгі жастардың әрқайсысы өзін Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сезінеді, туған елінің өркендеуін қалайды. Патриотизм – қазіргі буын үшін ажырамас құндылық, – деп атап өтті маман.
Эльдар Захаровтың пікірінше, Жолдау жастарға жаңа мүмкіндіктер берумен қатар, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған.